ЖІӨ-ні жоспарланған 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бар - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Бірінші жартыжылдықтағы дамудың оң үрдістерінің сақталуы биыл жалпы ішкі өнімнің жоспарланған 6 пайыз деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы бүгін бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«2013 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сұраныстың қысқаруы еліміздің сыртқы сауда айналымының 4,5 пайызға төмендеуіне соқтырды. Ал Кеден одағына мүше елдермен өзара сауда бес ай ішінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға өсіп, 9,4 миллиард АҚШ долларын құрады», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, халықтың нақты ақшалай табысы биылғы бес ай ішінде 2,4 пайызға, қаңтар-маусымдағы нақты жалақы 0,5 пайызға, номиналды жалақы 7 пайызға өсіп, 104 мың теңгеден асты. «Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты болып отыр. Маусымдағы жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халыққа шаққанда 5,2 пайызды құрады»,- деді Е.Досаев.