Жиырма күнде табиғат қорғау заңдылығын бұзудың 248 дерегі анықталды - БҚО
19:51, 27 Қазан 2015
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 5-25 қазан аралығында өткізілген «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында табиғат қорғау заңдылығын бұзудың 248 дерегі анықталды.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның 138-і заңсыз аң аулау, 11-і заңсыз ағаш кесу, 43-і заңсыз су жануарларын аулау, 56-сы атыс қаруларын сатып алу, сақтау, пайдалану немесе тасымалдау ережесін бұзушылық ретінде тіркелді. Барлығы 857 575 теңге айыппұл салынып, соның 406 230 теңгесі өндірілді.
Аталған деректер ішінен 14 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Мысалы, «Тасқала» шекара бекетінде ресейлік азаматтың «Лада Ларгус» автокөлігімен 367 дана су шаянын заңсыз алып бара жатқаны анықталып, ҚР ҚК 335-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол секілді Теректі ауданы Қонысай ауылы тұсындағы Солянка өзенінен жеті құралымен 140 дана шаян аулаған 32 жасар азамат ұсталды.