16:15, 02 Сәуір 2009
ЖҚТБ-мен ауыратын балаларға арналған кітап жарық көрді
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елімізде ЖҚТБ-мен ауыратын балаларға арналған «Дәрумен феяның тарихы» атты кітап пен «Менің досым күнтізбе» атты ақпараттық топтама жарық көрді.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған шығарылымдар Қазақстандағы балалар мен жастардың ЖҚТБ мен ретровирусқа қарсы емделу бейімділігін қалыптастыру атты жоба аясында жарық көрген. Бұл жоба «Шеврон» корпорациясы мен БҰҰ балалар қоры, ЖҚТБ-ның алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық пен Қазақстандағы ЖҚТБ-мен ауыратын адамдар одағының бірлесуімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жоба аясында жарық көрген кітап пен мультфильм, күнтізбе, қаламнан тұратын ақпараттық топтамада түрлі аурулардан ұзақ уақыт бойы емделетін балаларға қажетті медициналық терминдер, емделу жолдары түсінікті тілмен берілген. Жобаны жүзеге асырушылар, «бұл балалардың емделуге деген бейімділігін қалыптастыруға септігін тигізеді», дейді. Баспасөз мәслихатына қатысқан ЖҚТБ-ның алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бөлім меңгерушісі Сәуле Ахметғалиеваның айтуынша, наурыздың 1-індегі жағдай бойынша АҚТБ-мен ауыратын 12 265 адам ресми тіркелген. Ал 841 адам ЖҚТБ бойынша тіркеуде тұр. Оның 301-і - 14 жасқа дейінгі балалар. «ЖҚТБ бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарында тіркелген. Ал 2006 жылдан бері Оңтүстік Қазақстанда 149 баланың ЖҚТБ-ға шалдыққаны анықталып отыр», - дейді Сәуле Ахметғалиева.