«ЖҚЖК - 2020» бағдарламасы аясында 17 мыңнан астам қазақстандықтар көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2011 жылдан, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден 17 мыңнан астам азамат көшірілді (5 мыңға жуық отбасы). Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарлады.

Атап айтқанда, жаңа мекенжайға көшіп келген азаматтардың ішінде 8,4 мың адам еңбекке жарамды жаста, олардың 6,5 мың немесе жалпы көрсеткіштің 77,3  пайызы жұмыспен қамтылды. Көшірілген барлық отбасылары мемлекет есебінен тегін баспана алды, 30 пайызға  жуық отбасы жеке тұрғын үйлерде тұрса, 70 пайызы пәтерлер немесе жатақханадан бөлмелер алды. Жалпы алғанда 1223 жеке тұрғын үй, 108 көппәтерлі тұрғын үй және 12 жатақхана салынды.

«Облыстар арасында көшірілген адамдардың басым бөлігі Қарағанды облысында - 4 428 адам, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында сәйкесінше 3 145 және 2 529 адам болды», - делінген ведомство мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, «ЖҚЖК - 2020» бағдарламасының үшінші бағыты жұмыс берушінің қажеттілігі аясында оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу болып табылады. Белгілі болғандай, 2015 жылы экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден 1200-ден астам адам көшірілді.