Жобаларды сараптама қызметі жеке нарыққа беріледі - ҚР ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 47 қадамы аясында сараптамалық қызметті бәсекелік ортаға беру бойынша жұмыстардың жоспарын әзірледі.

«Қазақстан Республикасында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен және Мемлекет басшысының 5 институционалды реформаларын жүзеге асырудың «100 нақты қадамының» 47 қадамы бойынша, 2020 жылға дейін сараптама қызметінің 90 пайызын жеке нарыққа беру жоспарлануда.

Бәсекелестік ортаға сарапшы қызметін беру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес , Ұлттық экономика министрлігі жеке нарыққа берілуі тиіс сараптама саласындағы жұмыс көлемін анықтау бойынша арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамында - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы мен Қазақстанның құрылыс саласының ұлттық қауымдастығының өкілдері еніп отыр.

Министрлікке қарасты «Мемсараптама» мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Сманқұловтың түсіндіруі бойынша, жыл сайын бәсекелестік ортаға жобалардың 10% дейінгі көлемі өтіп отырмақ, осылайша 2020 жылға дейін сараптама қызметінің 90 пайызы өтетін болады.

Айта кету керек, 2016 жылы сараптама қызметінің 50 пайызы жеке нарыққа өтті.

Оның ішінде жаңа ғимараттарды салуға, қайта жаңартуға және күрделі жөндеу құрылысы үшін берілетін жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ ТЭН) техникалық-экономикалық негіздемесі, елді мекен аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде техникалық-экономикалық негіздемесі, технологиялық тұрғыда жеңіл кейбір инженерлік инфрақұрылымдардың нысандары кіреді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы жеке нарыққа сараптаманың 70 пайызы өтеді.

Оның ішінде 10 кВт-қа дейінгі электр қуатын тарату жүйелерін салу, қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізуге, қала аудандарының ішінде су құбыры мен кәріз жүйелерін салуға қажетті сарапатамалық қызметтер жатады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін сараптама қызметінің 80 пайызы жеке секторда болады.

Оның ішінде 35 кВт-қа дейінгі электрқуатын тарату жүйелерін салу, қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізуге, IV және V санаттағы көлік жолдарын, сонымен бірге темір жол және ішкі байланыстыратын жолдар салуға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме берілмек.

Мемлекеттік сараптаманың еншісінде тек технологиялық күрделі ғимараттар мен құрылыстар кіретін болады. Олар: мемлекетаралық маңызға ие құрылыс жобалары, арнайы техникалық шарттары бар сирек жобалар, технологиялық күрделі ғимараттар мен құрылыстар.