Жобалаудан Ай орбитасына дейін – Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуеті қандай

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 12 сәуір - елімізде Ғылым қызметкерлері күні. Сондай-ақ, 64 жыл бұрын дәл осы күні қазақ даласынан алғаш рет ғарышқа жол ашылды. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы тұтас адамзаттың ғылыми-техникалық прогресіндегі үлкен серпіліс болды. Осы орайда Kazinform тілшісі «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының жұмысымен танысып қайтты.

Қазақстан ғарыш мониторингін жақсарта түспек

Ғарыш технологиялары адам өмірінің түрлі саласына еніп үлгерді. Бүгінде қолдағы телефон байланысынан бастап, мекенжай іздейтін карталар, шекара қауіпсіздігі, жайылым жерлері, заңсыз қоқыс үйінділері, су тасқыны мен орман өрттерінің бәрі ғарыштан түсірілген суреттер арқылы қадағаланады. Бұл үшін Қазақстанның жерді қашықтан зондтайтын 5 спутнигі және 2 телекоммуникациялық спутнигі жұмыс істейді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оған қосымша, Қазақстан 2027 жылы жерді қашықтан зондтайтын тағы үш спутнигін (12U CubeSat) ұшырады. Бұл аппараттарды елордада «Қазақстан ғарыш сапары» ғимаратында отандық мамандар әзірлеп жатыр.

− Қазір біз орташа айқындықта жерді қашықтан зондтайтын KazEOSat MR спутнигін жобалап жатырмыз. Бұл спутниктің екі оптикалық камерасы болады. Аппараттың барлық компоненті ішкі механикалық құрылымында орналасқан, бұл құрылым ғарышқа ұшқанда ауыр жүктемелерге төтеп беруі керек. Біздің спутникте өзіміз әзірлеген бірегей технологияны да сынап көреміз, − деді «Ghalam» ЖШС механикалық жүйелер секторының жобалаушы инженері Дархан Дүйсембеков.

Фото: Kazinform

Сонымен бірге, 2028 жылға дейін Қазақстан жоғары сапалы деректер беретін KazEOSat-HR спутнигін ұшыруды жоспарлап отыр. Ал 2029 жылға дейін радиолокациялық технологиямен түсірілім жасайтын KazSarSat спутнигін ұшыру көзделген. 2030 жылға дейін 5 спутник жобаланады, өндіріледі, сынақтан өтеді және ғарыш кеңістігіне ұшырылады.

Бұдан бөлек, ғарыш орталығында жасалған спутниктер өзге елдерге экспортталады. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қайыржан Қожаевтың айтуынша, 2029 жылы Конго тапсырысымен жасалатын радиолокациялық аппарат ұшырылады. Осыған ұқсас келісім Моңғолиямен де жасалған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жобалаудан ғарышқа дейін – Жерсерік қалай жасалады

2010 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестік аясында Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені және оны пайдалану бірлескен қазақстандық-француздық кәсіпорын – «Ghalam» серіктестігі құрылды. Дәл осы жердегі технологиялық зертханалар мен өндірістік цехтарда ғарыш аппараттары жасалып, көп ұзамай орбитаға ұшырылады.

− Бізде ғарыш аппаратын жобалаудан бастап, құрастыру, өндіру және сынақ жұмыстарының толық циклі қамтылған. Отандық инженерлер ғарыш аппаратының борттық басқару жүйесін, энергиямен жабдықтау жүйелерін, радиотаратқыштарын, кабель жүйелерін жасап шығарады. Тұтас механикалық құрылымы мен бағдарламалық жасақ, интерфейсі де біздің мамандардың қолынан шығады. Бір ғарыш аппаратын әзірлеуге 3-4 жыл уақыт кетеді, − дейді «Ghalam» ЖШС директоры Бауыржан Алматов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Орталық инженерлері жобалаған бөлшектер мен детальдар өндіріске жіберіледі. Компанияның Нақты механика бөлімінде дәлдігі 6 микронға дейін жететін 4 токарь-фрезер станогы орнатылған. Осы станоктар арқылы ғарыш аппаратына қажет металл бұйымдар жасалады. Сондай-ақ, экранды-вакуумды жылу оқшаулағыштар мен электронды компоненттерді құрастыратын цехтар да бар.

Мұнда дәлдік өте маңызды, сондықтан жапондық координаталық-өлшеу машинасы бұйымның жобаға сай екенін жіті тексереді. Стандартқа сай келмеген бұйымдар кері қайтарылады. Әсіресе спутниктің фотоаппараты, оптикасы өте стерильді жағдайда сынақтан өтеді. Инженерлер тас-түйін жарақтанған және камераға бөгде адамдардың кіруіне қатаң тыйым салынады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жасалып шыққан спутник ғарыш кеңістігіне жіберілмес бұрын Ғарыш аппаратын құрастыру және сынау кешенінде сынақтан өтеді. Бұл аумақта 100 келіден 6 тоннаға дейінгі аппараттарды сынап көруге болады. Ғарыш қателікті кешірмейді. Инженер аппараттың ақаусыз екеніне көз жеткізу үшін 1,5-2 айға дейін сынақты жалғастыра береді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ал мына жаңғырығы жоқ камерада аппараттың жердегі және ішкі сәуле көздерімен үйлесімдігі тексеріледі.

− Кез келген құрылғы, мейлі ол ғарыш аппараты болсын, тіпті сіздің телефоныңыз болсын, белгілі бір мөлшерде сәуле шығарады. Қазір де барлық телефондар бір мезгілде сигнал таратады, бірақ бір-біріне кедергі келтірмей жұмыс істеп тұр, себебі олар электромагниттік үйлесім сынағынан өткен. Ғарышта да ұшып жүрген заттар өте көп, бәрі де сәуле таратады, соңғы жылдары бұл мәселе өте өзекті бола түсті. Сондықтан біз ғарыш аппараты ұшырылған сәттен бастап, басқа спутниктерге кедергі келтірмей, сыртқы радиосәулеге төтеп беріп, дұрыс жұмыс істей алуын тексереміз, − деді электрлік сынақтар учаскесінің бастығы Антон Иванов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ғарыш кеңістігінде спутник күннің +130 градус ыстығына және күн жоқта -180 градус суық температураға тап болады. Оған қоса, 10⁻⁵ дәрежелі терең вакуумға түседі. Сол үшін мұнда термовакуумды камералар орнатылып, түрлі температурада сынақ жүргізіледі.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оған қоса, телекоммуникациялық ғарыш аппаратын сынайтын кішігірім антенналық полигон бар. Әдетте байланыс спутниктері жерден 36 мың шақырым қашықтықта жұмыс істейді. Полигонда да айна көмегімен радиосигналдың 36 мың шақырымнан өтуі иммитацияланады.

Қазақстан Ай орбитасына қадам басты

Қазақстанның мамандары 2030 жылға қарай Ай маңындағы телескоп жасап шығарады. Жердің емес, Айдың орбитасында жұмыс істейтін бұл телескоп анағұрлым нақты әрі сапалы мәлімет жинауға мүмкіндік береді, оған қаптаған радиожиілік пен жарық кедергі келтірмейді. Бұл өте күрделі жоба және толық іске асуына 5 жыл уақыт керек.

– Алғашқы Ай маңындағы телескоп жобасын жасау – қазіргі шекарадан шығу, нақты ғарыш ғылымымен айналыса бастайтынымызды білдіреді. Бұл – толығымен ғылыми жоба, оған Ghalam компаниясы мен Астрофизикалық зерттеулер институты қатысады. Қазіргі уақытта телескоптың дизайны әзірленіп жатыр. 2029–2030 жылдарға қарай серіктес табылып, алғашқы Ай маңындағы телескоп іске асырылады деп сенемін. Бұл – күрделі жоба болғандықтан, бірлескен түрде іске асады. Алайда бастапқы базалық кезеңде оны Қазақстан өз күшімен жүзеге асырып жатыр, – деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сонымен бірге, биыл желтоқсанда Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен «Бәйтерек» ғарыш жобасы аясында алғашқы зымыран ұшырылады.

— Үкіметаралық келісім аясында біз ұшу сынақтарын 2023 жылы бастауды жоспарлаған едік, алайда бірнеше қиындық туындады. Біріншіден, логистика мәселелері болды. Екіншіден, конструкторлық құжаттама әзірлеуде бастапқы деректерге өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты «Бәйтерек» жобасына техникалық өзгеріс енгізу қажеттігі туындады. Бұл өзгерістер ең алдымен жобаны коммерцияландыруға қатысты болды және біраз уақытты талап етті. Енді 2025 жылдың желтоқсанында алғашқы ұшуды күтіп отырмыз, − деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айта кетейік, Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев алдағы 5-10 жылда төртінші қазақ ғарышкері ғарышқа сапар шегуі мүмкін екенін айтты. Бір ғарышкерді ғарышқа ұшыруға толықтай дайындау үшін 60 млн доллардай ақша керек.

Ғалиасқар Төлендіұлы ғарышқа ұшу үшін дайындалып жатқан қазақ қыздары да бар екенін айтады