Аталған заң жобасы жобалық қаржыландыру мәмілелерін жүзеге асыру үшін заңнамалық база жасау мақсатында әзірленген. Бұл ретте жобалық қаржыландыру мәмілелері жекеменшік капиталды тарта отырып ірі жобаларды, сондай-ақ мемлекет қатысатын жекелеген жобаларды іске асыру үшін жүзеге асырылатын болады. Осыған орай Заң жобасы мен 12 заңнамалық актіге, оның ішінде 4 Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Заң жобасында жобалық қаржыландыру мәмілелері үшін құрылатын арнайы қаржы компаниялары қызметінің, жобалық қаржыландыру кезінде талап ету қүқықтарын берудің ерекшеліктерін реттейтін ережелер көзделеді. Сондай-ақ кредиторлардың, жоба орындаушысының және тапсырыс берушінің құқықтары қамтылады. Бұдан бөлек, құжатта мемлекет қатысатын жобалық қаржыландыру тетіктері айқындалады. Онда базалық шартта айқындалған айтарлықтай талаптарды бұзған жағдайда жобаның орындаушысын ауыстыру тәртібі қарастырылады. Жобалық қаржыландыру кезінде облигациялар шығару ерекшеліктері де көзделеді.
Екінші оқылым барысында сенаторлар құжатқа «базалық шарт», «бөлінбеген активтер», «жобалық қаржыландыру», «тапсырыс беруші» деген ұғымдарды нақтылауды көздейтін өзгерістер енгізді. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.