13:52, 13 Сәуір 2009
Жоғалған бірқатар көліктер тұрғындардың көмегімен табылды ? апталық брифинг
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары ұрланған көліктерді тұрғындардың көмегімен тауып, оларды заңды иелеріне қайтарды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, полицейлер еліміздегі автомобиль ұрлықтарының алдын алу мен олардың ашылу көрсеткішін көбейту мақсатында сәуірдің 5-і мен 10-ы аралығында «Астана-тосқауыл» жедел іздестіру шарасын ұйымдастырған. Шара аясында аталмыш қылмыстарға көпшіліктің назарын аудару мақсатында елорда бойынша ұялы байланыс компаниялары мен ақпарат құралдарының көмегімен арнайы «СМС» хабарлары жіберілген. Сонымен қатар осындай акция өтетіні жөнінде оқу орындары мен мемлекеттік мекемелер аймағында, яғни халық көп шоғырланған жерлерде 2 мың буклет таратылған. «Тұрғындарға жолданған «СМС» хабарларының арқасында ішкі істер органдарына бұрын ұрланған «Ауди» және «Рено» көліктерінің қозғалысына байланысты қажетті ақпараттар келіп түсті. Осының негізінде аталған көліктер табылып, иелеріне қайтарылды», дейді департамент бастығының орынбасары. Сондай-ақ оның мәліметтерінше, аталмыш шара аясында бұрын жасалған 17 қылмыстың беті ашылған. Оның 5-уі көлік ұрлау, 9-ы бөтеннің мүлкін қолды ету және қарақшылық пен тонау әрекеттеріне қатысты болып отыр. «Іс-шара барысында «Ауди-100» маркілі көлігін ұрлаған Ж. есімді азамат қолға түсіп, көлік иесіне қайтарылды. Ал сәуірдің 7-сі күні жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің иелігіндегі «Ваз-2107» маркілі көлігін ұрлаған Н. деген азамат қолға түсті. Акция қорытындысына байланысты елордадағы «Жастар» сарайының алдында көлік ұрлауға қарсы тұру шараларына байланысты арнайы шара ұйымдастырылды», деді Е.Уәли.