Жоғалған «Boeing-777» ұшағын іздестіруге Қытай 10 спутникті жұмылдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХР «Boeing-777-200» ұшағын іздестіру операциясына 10 жер серігін пайдаланып жатыр. Бұл туралы «Цзефанцзюнь бао» газетінің сайтында хабарланды, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Жер серіктерінің негізгі мақсаты - іздестіру-құтқару шаралары жүріп жатқан аумақта жоғары сапалы ғарыштық бейнелерді жасау. Сонымен қатар олар операцияға қатысушылар арасында байланыс пен метеорологиялық ахуалдың мониторингін қамтамасыз етеді. Естеріңізге сала кетейік, «Malaysia Airlines» әуе компаниясының 239 жолаушысы бар ұшағы сенбіге қараған түнде жоғалып кеткен еді. Ұшақта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Boeing 777-200 ұшағы Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған екен. Ұшақ радардан жергілікті уақыт бойынша 02.40 шамасында, әуеге көтерілгеніне 19 минут болғанда жоғалып кеткен. Жолаушылардың арасында Ресей, Украина, АҚШ, Италия, Франция және Қытай азаматтары болған.