Жоғалған көліктерді іздестіруді жалғастыра береміз - ІІМ өкілі

АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінгі таңда ішкі істер саласы іздеу салған 229 көліктің 82-сі әлі табылған жоқ.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Көлік қылмысының алдын алу мақсатында жүргізілген «Қақпан» операциясы аяқталды. Алайда біз жоғалған көліктерді іздестіруді жалғастыра береміз. Біз бұрын көлік ұрлықтарын іздеу кезінде олардың Қырғызстан арқылы Ауғанстанға жөнелтілетіндігін жиі еститінбіз. Қазіргі таңда ұрланған көліктердің тап осы елге жөнелтілгендігі жөнінде нақты ақпараттар жоқ. Алайда біз тапқан көліктердің осы елге сатылуға дайындалған болуы әбден мүмкін», деді комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, қазір елімізде ұрланған көліктерді немесе олардың бөлшектерін біле тұра жасырып ұстайтын азаматтар жауапқа тартылады. «Ал олардың кейбіреулері «көлікті біреу әкеліп қойған, мен ештеңе білмеймін» деген жауаппен жалтарып кетеді. «Дегенмен ұрланған көлікті сақтаушы оны сату үшін қандай да бір шара қолданса, ол міндетті түрде жауапқа тартылады» дейді комитет төрағасы. Оның мәліметтері бойынша, ұрланған көліктердің басым бөлігі бөлшектеніп сатылады. Олардың көбін ТМД елдерінің көліктері құрайды. Жалпы елімізде ең көп ұрланатын көліктер ресейлік автомобильдер болып отыр. Ал қымбат көліктерге жалған құжат дайындалып, өзге елдерге жіберіледі. «Осы орайда айта кететін мәселе соңғы екі-үш айдың көлемінде елде көліктегі автомагнитолалар мен олардың бөлшектерін ұрлау әрекеттері артып отыр», деді С.Күсетов.