Жоғалып кетті делінген Ержан Еліков «Болашақ» стипендиясынан айырылып қалған

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Мейіржан Алпысбай АҚШ-қа оқуға барып, жоғалып кеткен қазақстандық студент Ержан Еліковке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М. Алпысбайдың сөзіне қарағанда, Е. Еліковті стипендиясынан айыру туралы шешім студентті университет оқудан шығарғаннан кейін Республикалық комиссия тарапынан қабылданды. 2011 жылы орталық студенттің оқу үлгеріміне қатысты мониторинг жүргізген.

«Біз оның алған балдарын көріп тұрдық. Бірнеше жыл бойы балдары төмен болды, осы ретте университет ол диплом алмайтындығын, оның орнына студент дәрістерді тыңдап шықты деген сертификат алатындығы туралы шешім қабылдады. Яғни, ол түпкі мақсатқа қол жеткізе алмады. Оның академиялық дәреже алмайтыны туралы шешімді университет қабылдады. Білім ордасының оқудан шығару тәртібіне тоқталатын болсақ, студент ары қарай да дәрістерге қатыса алады, бірақ та оған академиялық дәреже берілмейді. Осыдан кейін бізге тиісті мәлімет берілгеннен кейін, орталық осы мәселені республикалық комиссияның қарауына енгізді. Қолданыстағы заңнама аясында стипендиант оқу үлгеріміне байланысты стипендиядан айырылды», - деді ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, 2014 жылы Халықаралық бағдарламалар орталығының талап-арызы бойынша сот стипендиант пен оның ата-анасы тұрған пәтерді тәркіледі. Пәтер құны тек 4 млн. теңгеге жуық шығынды жапты, ал оның оқуына 24 млн. теңге жұмсалған болатын. 2016 жылы бағдарламалар орталығы талап-арызы бойынша сот қалған соманы стипендианттың кепілгері, яғни әкесіне төлеткізу қаулысын шығарды.

«Университеттен шығару мен стипендиядан айырылатын кезеңде Ержан Еліков  бізбен және ата-анасымен байланысқа шығып тұрды. Ол өз кезегінде ештеңені де жоққа шығармады, тек берешек қаржыны қайтару жолдары туралы сұрақтар қойды. Осы ретте бізде электронды поштада нақты хаттар да бар. Біз оған егер де қарызды жаппаса, онда бұл міндет кепілгеріне жүктелетінін түсіндірдік. Оның отбасы да бұл қағиданы білетін. Бұл тұрғыда ешкім білмеді және барлығы бір сәтте болды деп айту қисынсыз»,-деп тоқталды М. Алпысбай.

Белгілі болғандай, Ержан Еліков бакалавр дәрежесін алуға оқуға түскен және оның визасы 4-5 жылға жарамды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Е. Еліков есімді жігіт «Болашақ» бағдарламасы аясында Пенсильвания штатына кеткендігін және оқудың аяқталуына бір ай қалғанда ата-аналарымен байланысқа шығуын доғарғандығы хабарланған еді.