Жоғарғы сот пен Парламент арасында тұрақты диалог қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының мамандандырылған аудандаралық әкімшілік сотының ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен әкімшілік соттар судьяларының әкімшілік іс жүргізуді одан әрі дамыту мәселелері аясында жұмыс кездесуі өтті. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Астана қаласының мамандандырылған аудандаралық әкімшілік сотының ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаттары (заңнама және сот-құқықтық реформа, әлеуметтік-мәдени даму, экономикалық реформа және өңірлік даму, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік, экология және табиғатты пайдалану, қаржы және бюджет, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттері) мен әкімшілік соттар судьяларының әкімшілік іс жүргізуді одан әрі дамыту мәселелері аясында жұмыс кездесуі өтті.
— Кездесу қолданыстағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) тиімділігін, қолданыстағы сот және әкімшілік практиканы жан-жақты талдауға әрі әкімшілік әділет институтын одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге арналды, — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев азаматтардың құқықтары мен бизнестің заңды мүдделерін әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау құралы ретінде әкімшілік әділеттің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, депутат Магеррам Магеррамов Жоғарғы Сотпен әкімшілік әділетті заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.
Кездесуге қатысушылар сын-қатерлерге жедел ден қою және заңнамалық негізді жетілдіру үшін Жоғарғы Сот пен Парламент арасында тұрақты диалог қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы Жоғарғы соттарының конференциясына қатысты.