«Азаматтық істерді де, қылмыстық істерді де қарадым. Санаған емеспін, алайда, 23 жыл аз емес. Қылмыстық істерді қараған кездегі ең ауыр жаза тағайындағаным — ату жазасы. Ол кезде облыстық соттың судьясы едім. 1993-1994 жылдары болуы керек. Оңтүстікке жақын азаматтардың есінде шығар. Шымкент мен Ташкент тас жолында таксистерді ұстап, буындырып өлтіріп, көліктерін иеленетін үлкен топ болған. Екі адамға қатысты ату жазасын беру туралы үкім шығардым. Үкім барлық сатыдан, Жоғарғы соттан өткеннен кейін Президентке барады. Содан кейін Президент бекітіп, ату жазасы орындалады. Жаза орындалғаннан кейін саған қағаз келеді. Соған дейін маған өте ауыр болды. Мораторийге дейін болған жаза еді. Ол кездері отыздың ар жақ, бер жағындағы азаматпын. Күні-түні ұйықтамаған, уаймдаған, басқа да дүниелер болды», — деді судья.
Сонымен қатар ол тағы бір жантүршігерлік қылмысқа байланыс өлім жазасын кескенін айтады.
«Анасының сіңлісінің, былайша айтқанда апасының үйіне барады. Үйді тонап жатқанда апасы келіп қалып оны өлтіреді. Кетіп бара жатқан кезде 4-5 жастағы бөлесінің терезе пердесін ашып қарағанын байқап, үйге қайтып кіреді де сәбиді өлтіреді. Оған да ату жазасын бердім. Ол кезде қандай ауыр іс болса да, оны бір судья ғана қарайтын», — де еске алады Сәкен Абдолла.