Жоғарғы соттың үш судьясы отставкаға кетті

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сенаттың жалпы отырысында Мемлекет басшысының ұсынысымен Жоғарғы сот судьялары Ғабит Әлжанов, Роза Жақудина және Тыныштық Молдахметова қызметінен босатылды.

Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, судьялар әділ сот жүйесін дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосқан.

– Мемлекет басшысы Жоғарғы соттың аталған судьяларын отставкаға жіберу жөнінде ұсыныс енгізді. Ғабит Өмірханович, Роза Қайроллақызы және Тыныштық Әмірқызы шамамен 30 жыл бойы сот жүйесінде қызмет етіп, мінсіз беделімен және жоғары кәсіби біліктілігімен танылған. Олар сот төрелігіне адал қызмет етіп, саланың дамуына елеулі үлес қосты, – деді Д.Малахов.

Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұған дейін Сенат Берік Нәжімиденовті басқа қызметке тағайындалуына байланысты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатқан болатын.