Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, республика бойынша барлығы 98 мың 617 лауазымды тұлға аттестаттаудан өтуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін жоғары аттестациялық комиссияның 9 отырысы өтіп, 349 қызметкермен әңгімелесу ұйымдастырылған. «Олардың ішінен 280 адам, яғни 80 пайызы аттестаттаудан өтті. 24 адамды кадрлық резервке тұрғызу ұсынымы берілді. 69 қызметкер, яғни 20 пайызы аттестаттаудан өткен жоқ. Олардың ішінен 29 адам жұмыстан босатуға, 28-і лауазымын төмендетуге, 12-сі басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды», - деді А. Шпекбаев
Мәселен, оның атап өтуінше, заңнаманы білуге тестілеуден өту барысында 15 қызметкер қажетті шекті мәннен өте алмады. Аттестатталатын 16 адам дене шынықтыру, 45 адам атыс даярлығы бойынша сынақтан өткен жоқ. 10 адамда психологиялық орнықтылықтың төмен деңгейі тіркелді. Жоғарғы аттестациялау комиссиясы қоятын жоғары талаптарды ескерген 26 қызметкер кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бас тартты.
«Сонымен өткізілген аттестаттаудың нәтижесінде құқық қорғау органдары жоғары басшы құрамының үштен бір бөлігі жаңарады. Жоғары аттестаттау комиссиясы жұмысының нәтижелері бойынша Елбасына құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етуді арттыру, сонымен қатар құқық қорғау органдарында заңнаманы және кадр саясатын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді», - деді А. Шпекбаев.