Жоғарғы сот 60 мың теңге жымқырды деп айыпталған әйелді ақтады
Сотталушы құрылыс материалдарын сататын дүкенге сатушы болып жұмысқа орналасқан. Дүкен иесімен еңбек қатынасы заңды түрде рәсімделмеген. Ай сайын 60 мың теңгені қолма-қол төлеп тұратыны жөнінде ауызша келіскен. Одан кейін дүкен иесі уақытша қиындықтарды себеп етіп, А. Ситинаның жұмыс істеген уақытына жалақы төлеуден бас тартқан. Дүкен қожайыны онымен даусын көтеріп, қатты-қатты сөйлеген.
Сол кезде А. Ситина кассада жатқан 100 мың теңгеден 60 мың теңгені рұқсатсыз алып, бұл ақшаны жалақы есебінде алғанын айтып, қолхат жазады. Сосын қолхат пен дүкеннің кілтін сол жерге қалдырып, өзі жұмыс орнынан кетіп қалған.
А. Ситина 60 мың теңгені иемденіп кеткені үшін жауапқа тартылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылған болатын. Кассациялық сот алқасы сотталушының әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық құрамын таппады.
«А. Ситинаның барлық айыптар бойынша ақталуына байланысты сот актілерінің күші жойылды», деп хабарлады ведомстводағылар.