Жоғарғы Сот Әділет министрлігімен бірлесіп, электрондық атқару парағын іске қосты
Осының нәтижесінде атқару парақтарын орындау үшін әділет органдары мен жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына электрондық құжат түрінде жіберуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, соттар сот орындаушыларының қаулыларын электрондық санкциялауды іске асыратын болды.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, Астана қаласының соттарында және Астана қаласының Әділет департаментінде атқару парақтарын электрондық құжат нысанында тиісті органдарға жіберу және сот орындаушыларының қаулыларын соттардың санкциялауы туралы ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асуда. Ілкі жобаның нәтижелері бойынша ағымдағы жылдың наурыз айының екінші онкүндігінде жоғарыда аталған қызметтерді бүкіл республика бойынша өндірісте пайдалану туралы бірлескен шешім қабылданды.
Интеграциялық өзара іс-қимылға сай, соттар сот органдары мен атқарушылық іс жүргізу органдары жүйелері арқылы атқарушылық құжаттарды әділет органдарына электрондық түрде жібере бастады. Осы органдардың жауапты адамдары атқарушылық құжаттарды өндіріп алу санаттары бойынша тиісті өңірлік бөлімге бөлуді жүзеге асырады.
Соттар сондай-ақ жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне жататын атқарушылық құжаттарды да электрондық түрде жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына жіберуде. Олар өз кезегінде атқарушылық құжаттарды Қағида бойынша жеке сот орындаушыларының арасында бөледі. Сотқа өндіріп алушыдан арыз түскен жағдайда атқарушылық құжат арызда тікелей көрсетілген жеке сот орындаушысына жіберіледі.
Азаматтар атқарушылық құжаттарды әділет органдарына жіберу туралы арызды сондай-ақ «Сот кабинеті» сервисінің «Сот ісін жүргізу» бөлімі арқылы электрондық құжат нысанында әділет органына жолдау туралы арызды да сотқа жібере алады.
Сот орындаушысының электрондық құжат нысанында ұсынылған санкциялау туралы қаулысын алған кезде сот судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасын куәландыру жолымен санкция береді. Санкция беруден бас тартылған жағдайда электрондық құжат нысанында санкция беруден бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығарылады.
Осы жаңалықтарды іске асырудың нәтижесінде бірінші кезекте атқарушылық құжаттар мен санкциялауға ұсынылатын қаулыларды қағаз жүзінде ұсынуға кететін уақыт анағұрлым қысқарады. Сондай-ақ, бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудің маңызды кепілі болып табылатын сот актілерін жедел әрі тиісінше орындауға мүмкіндік береді. Сот төрелігін жүзеге асырудың түпкі нәтижесі - осындай.
Электрондық түрде ресімделетіндіктен атқарушылық құжат жоғалмайтын болады. Сонымен қатар «Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылары құжаттардың орындалғаны туралы хабар алып отырады.