Жоғарғы Сот: Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың саны 2,5 мың, 97 адам ақталған

None
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында Жоғарғы сот органының басшысы Бектас Бекназаровтың төрағалық етуімен 2013 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылау бойынша селекторлық кеңес өткізілді.

Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Бейнеконференция режиміндегі кеңес жұмысына қадағалаушы сот алқаларының төрағалары А.Қасымов және Е.Әбдіқадыров, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Жоғарғы сот аппаратының) басшысы М.Жұмағұлов және Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен алқа төрағалары, судьялар және облыстық соттардың кеңсе басшылары қатысты.

Б.Бекназаров республика соттарында атқарылған жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Статистикалық есепке сәйкес, азаматтық істер бойынша қабылданған шешімдердің 92,2 пайызына процеске қатысушы тараптар шағым немесе наразылық келтірмеген. Қылмыстық істер бойынша бұл көрсеткіш 83,5, ал әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша 98,2 пайыз. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың саны 2,5 мың, 97 адам ақталған. Алқабилердің қатысуымен 73 азаматқа сот үкімі шығарылған, оның ішінде 6-уы ақталған, 67-сі кінәлі деп танылған. Қылмыстық және азаматтық істерді қарау барысында іс жүргізу мерзімдерін бұзу анықталмаған.

Кеңесте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы сот жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттерді атап көрсетті. Жылдың соңында республика судьяларының VІ съезінің өткізілуі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Б.Бекназаров аталған шараны өткізуде техникалық және ақпараттық ұйымдастыру ғана емес, мәселе VІ съезде біздің атқарған қызметіміздің нәтижесіне келуіміз қажеттігін айтты. Сот жүйесі қызметкерлеріне сот қызметіндегі заңдылықты күшейтуді, ашықтықты, сот төрелігін сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Б.Бекназаров судьялардың V съезі өткеннен кейін азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдігі және сот билігінің тәуелсіздігін нығайту жолында сот жүйесінің одан әрі дамуы айқындалатынын атап көрсетті.

Сот төрелігін ізгілендіру, сот билігін демакратияландыру жолында, нақты қадамды шешімдердің арқасында сот жүйесінде тереңдетілген жаңартулар жүргізілді. Сот төрелігінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету және жергілікті жерде істерді қарау сапасы, жергілікті соттардың рөлін күшейту, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сот билігі органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолында бірқатар заңдар қабылданды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы 1 маусымға дейін, сот төрағаларына интернет ресурстың жұмысын тиісті деңгейде қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне қазіргі заманға сәйкес, сот әкімшілігінің жаңа бағдарламасын дайындау мүмкіншілігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, сот төрағаларына медиацияны дамытуға қатысты насихаттау жұмыстарын жандандыру жүктелді.

Бектас Бекназаров қорытынды сөзінде, сот төрағаларына алға қойылған міндеттерді орындау және сот ісін жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ әуре-сарсаңға салуға жол бермеу үшін арыз сотқа түскен кезден және іс жүргізуге қабылданған кезден бастап, дәлелді шешім шыққанға және іс сот кеңсесіне өткізілгенге дейін істің жүргізілу тәртібін қадағалауды тапсырды.