Жоғарғы Сот департаментінің басшысы СҚО соттарының жұмысымен танысты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі.

Сапар барысына аймақ соттарының материалдық-техникалық жабдықталуы мен жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Нұрсерік Шәріповтің Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуінде соттардың жергілікті атқару органдарымен өзара ынтымақтастығының перспективалары, соның ішінде жаңа сот ғимараттарының құрылысына арналған жерді бөліп беру мәселесі талқыланды.

Содан соң ол бір ғимаратта орналасқан Петропавл қалалық №2 сотында және Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта «Үлгілі сот» жобасының аясында ашылған фронт-офистің және медиация кабинетінің жұмысымен танысты.  Осында судьялардың көмекшілерімен олардың жұмысының ұйымдастырылуы жөнінде әңгімелесті. 

Сондай-ақ Н. Шәріпов облыстың Соттар әкімшісінің құрылымдық бөлімше басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді. Іс-шара барысында олардың жұмысындағы негізгі көрсеткіштер бойынша баяндамасын тыңдап, жұмысты жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Іссапар бағдарламасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облыстық сотында Конституциясы Күніне орайластырылған салтанатты іс-шара өтті. Департамент басшысы өз сөзінде мерекенің маңыздылығын және заңдарда көрініс тапқан конституциялық құндылықтарды қорғаудағы соттардың рөлін атап өтті.

«Жыл сайын соттардың жүктемесі артып келеді. Соңғы бес жылда ол екі еседен артық 1,25 млн  істен 2,7 млн іске дейін өсті. 2018 жылдың 6 айында соттар 1,8 млн іс пен материал қарады. Бұл ел тұрғындарының өз дауларын соттарда шешуге талпынатынын білдіреді», - деді Н.Шәріпов.

«Күнделікті жұмыстан бастау қажет: сот төрелігін процестік заңнамаға қатаң сүйене отырып іске асыру, тараптарға шығарылған шешімнің мәнін түсіндіру, сот актілерін сауатты жазу қажет», - деп атап өтті Департамент басшысы.

Осыдан кейін бірқатар судьялар мен сот қызметкерлеріне Құрмет грамоталары мен ведомстволық марапаттар табысталды.

Салтанатты жиыннан соң аймақ судьяларымен және сот қызметкерлерімен жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында судьялар корпусының өкілдері аймақтың сот жүйесі қол жеткізген соңғы жетістіктері туралы баяндады.