Жоғарғы Сот аталған дауды қарап, «Жайықмұнай» ЖШС-ның өтінішін қанағаттандырып, корпоративтік табыс салығының сомасы мен өсімақыны артық есептеуі бойынша салық тексерісінің нәтижесі туралы ескертуді заңсыз деп танып, оның күшін жойды.
Даудың мәнісі мынадай. «Жайықмұнай» ЖШС Батыс Қазақстан облысындағы Чинаревск мұнайгазконденсат шығатын жерде 1997 жылғы 31 қазандағы Қосымша барлау, өндіру және көмірсутек шикізатын бөлуді жүргізуге келісімшарт негізінде көмірсутек шикізатын өндіру және барлау бойынша қызметін жүзеге асырады. Келісімшартқа Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті қол қойған.
Салық тексерісін жүргізу нәтижесі бойынша Департамент «Жайықмұнай» ЖШС-нің атына 2009-2011 жылдар кезеңіне 1 211 983 835 теңге көлемінде корпоративтік табыс салығы мен 153 959 190 теңге көлемінде өсімақы сомасын қосымша есептеу туралы ескерту шығарды. Салық сомасын қосымша есептеуге салық төлеуші 4 039 946 119 теңге жалпы сомасынан жеке құрылысы бойынша шығындарын заңсыз жылдық кіріс жиынтығынан ұстап қалуға жатқызғаны негіз болды. Департаменттің мәліметінше, Келісімшарттың шартында мұндай құқық қарастырылмаған.
Дегенмен, Жоғарғы Соттың сот отырысында Келісімшарт пен Заң күші бар Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының 20-бабының 10-тармағының ережелері 1995 жылғы 24 сәуірдегі №2235 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Келісімшарттың күшіне енген кезінде әрекет еткен редакциясында инвесторға жеке құрылысын ынталандыру және өндірістік қуаттылығын жаңарту мақсатында инвестициялық жеңілдік ретінде жеке құрылысы бойынша шығындарды шегеруге жатқызу құқығы берілген.
Аталған істі қарау нәтижесі бойынша Жоғарғы Сот Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасының атына Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салық тексерісі кезінде заңнама нормаларын өрескел бұзуға жол бергені туралы жеке ұйғарым шығарды. Сонымен қатар, шағым түскен ескертуді шығару үшін негіз болып табылған салық тексерісінің актісі Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 637-бабының 1-тармағының 10) тармақшасының талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрсетілген.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын практикалық тұрғыда іске асыру шеңберінде 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс жасай бастады. Оның құзыретіне бірінші саты тәртібі бойынша ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарау жатады. Мамандандырылған алқа аталған санаттағы істер бойынша сот практикасын жақсартып, сондай-ақ олардың барынша шұғыл және сапалы қаралуын қамтамасыз етуі тиіс.