Жоғарғы Сот кейбір істерді қарау құзыретін мемлекеттік органдарға жүктемек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Жоғарғы Соты кейбір санаттағы істерді қарау құзыретін мемлекеттік органдарға, нотариустар мен медиаторларға беруді сұрауда, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми алқа отырысы барысында, сотқа жүктелетін ауыртпалықты азайту бойынша ҚР Президентінің Судьялар съезінде берген тапсырмасын орындау маңызды бағыт екендігін атап өтті.

Оның мәліметтері бойынша, сотқа түскен арыз-шағымдар мен істердің саны 2016 жылы қайта өсіп, 1 млн. 160 мыңды құрады. Соңғы бес жылда азаматтық істердің саны 200 мыңға артып отыр. Талдау көрсеткендей, олардың үштен бірі немесе 105 мыңнан астамы салықтық қарызды, кедендік және коммуналдық төлемдерді өндіріп алуға қатысты.

"Алматының өзінде бұл істер 39 мыңға артқан. Осы орайда, Талғат Советбекұлы (Донақов, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары - ред.), Қазақстанның Жоғарғы Соты Құқықтық саясат кеңесінде тиісті құзырды мемлекеттік органдар, нотариустар мен медиаторларға беру туралы ұсыныс жасады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға және соттардың назарын күрделі санаттағы істерге көбірек аударуға мүмкіндік ашады", - деп атап өтті ол.