Жоғарғы Сот: ReedSmith компаниясының өкілдерімен кездесуде Астанадағы халықаралық форумды бірлесе өткізу жайы қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сотта мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қ. Қыдырбаева ReedSmith халықаралық заң компаниясының өкілдерімен кездесті.

ReedSmith халықаралық заң компаниясы негізінен инвестор мен мемлекет арасында туындайтын даулар бойынша халықаралық коммерциялық арбитражды жүзеге асырады.

Компания өкілдері Белинда Пейсли (Ұлыбритания), Ажар Кузутбаева мен Әділ Ыдырысов әлемнің ірі төрелік соттарында, соның ішінде инвестициялық арбитражда қараған істер шеңберінде, сондай-ақ күрделі инвестициялық шарттар бойынша мемлекет мүддесін қорғау бағытында жинақтаған жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.

Тараптар ReedSmith компаниясының тәжірибесіне сәйкес инвестициялық дауларды анықтау, сондай-ақ Қазақстандағы арбитражды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Арбитраж бойынша іс жүргізу, арбитраждық шешімдерді орындауға байланысты жекелеген мәселелерді мамандандырылған сот алқасының судьясы Мадияр Балкен түсіндіріп өтті.

Мамандандырылған алқа хатшылығының міндеттері, өзге де ұйымдастырушылық мәселелер мен алдағы жоспарлар туралы мамандандырылған сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Лаура Құрмантаева сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ағымдағы жылғы сәуірде Астанада жоғарыда қозғалған мәселелер бойынша өтетін халықаралық форумын бірлесе ұйымдастыру мен өткізудің мүмкіндіктері бойынша сындарлы ұсыныстарымен бөлісті, деп хабарлайды Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі.