Жоғарғы сот сотталған 8 адамды ақтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы сотының кассациялық алқасы ведомство төрағасының ұсынысымен 8 адамды ақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Айсұлу Жалғасбаеваға, Тәуіржан Саттаровқа, Альберт Даукантасқа, Құрбанай Қабырға, Жайнагүл Бердіғалиеваға, Жанат Сызбаеваға және Жабыра Мамытбековаға қатысты бірінші сатыдағы соттардың жеті қаулысы қайта қаралды. Оларға сәйкес, аталған тұлғаларға қатысты бірінші сатыда соттар істі ҚР ҚК 68 бабы, 1 тармағы бойынша тоқтатты. Сонымен қатар Бекежан Ержановтың ісі бойынша бір үкім қайта қаралды», - деп жазды Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Болат Кальянбеков.

Оның түсіндіруінше, Ержанов бірінші сатыдағы сот үкімімен қылмыстық жауапқа тарту мерзімінің өтіп кеткендігіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

«Қарау қорытындысында кассациялық саты қылмыс құрамының болмауына байланысты барлық сотталушыны ақтады», - деді ол.