Сондай-ақ осындай медальмен ҚР Жоғарғы сотының қадағалаушы сот алқасының төрағалары Ақылтай Қасымов пен Еліс Әбдіқадыров марапатталды.
Қайрат Мәмиге бұл марапат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының президенті ретінде университеттің дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Айта кетейік, бұл қауымдастық БАҚ беттерінде аталмыш жоғары оқу орны түлектерінің кәсіби мансабы туралы материалдар шығарып, теле- және радиоарналарда сұхбаттар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру арқылы университеттің жағымды имиджін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Түлектердің айтулы кәсіби жетістіктерін насихаттау мақсатында еліміздің жоғары білім беру жүйесінде алғаш рет «Біздің элита» атты екі томдық кітап жарыққа шықты. Онда Қазақстанның алғашқы классикалық университетін жетілдіру мен дамытуға және оның әлемдік деңгейдегі заманауи ғылыми-зерттеу университетке айналуына ықпал еткен, сондай-ақ отандық іргелі және қолданбалы ғылымның қалыптасуына зор үлес қосқан осы оқу орнының айтулы түлектері жайлы мәліметтер берілген.