Сайтта рейтингтік дауыс беру жүйесі ұйымдастырылған. Яғни, Қайрат Мәмиге көп дауыс жинаған сұрақтар ғана қойылады.
Онлайн-конференцияның басталуына 1 күн 18 сағат 50 минут уақыт қалған. Қазірдің өзінде Жоғарғы Сот төрағасынан әділдік іздеген 370 адам сұрағын жолдаған екен.
Сұрақтардың арасында қылмыстық істерді қарау кездегі сот төрелігіне, әлеуметтік мәселелерге, жекешелендіру мен мүлікті сатудағы заңсыздықтарға, құрылыс компанияларының банкроттығы мен үй ала алмай жүрген жетімдердің мәселесіне қатысты сұрақтар рейтинг жинап келеді.
Мысалы, Ақтау қаласында тұратын 31 жастағы Халая есімді азаматша Жоғарғы Сот төрағасына облыстық сот шешіміне көңілі толмайтындығын жеткізіп отыр.
«Ақтау қаласындағы облыстық сот жолдасым Рустам Жамантіковқа қатысты негізсіз әрі қатал жаза тағайындады деп санағандықтан, сізге хат жолдап отырмын. Жолдасым қатаң режимдегі колонияға 17 жылға сотталды. 2008 жылы 26 мамыр күні С.В.Нұрамбаев деген азамат адам қолынан қаза тапты. Менің жолдасым мен бұл істегі басты күдікті М.К.Бекхожаев деген азаматпен (Бекхожаевты 22 жылға соттады) бірге сол күні спирттік ішімдік ішіп, «Опель-Вектора» маркалы таксиге мінеді. Сол кезде такси жүргізушісі мен Бекхожаев сөзге келіп қалады да, Бекхожаев такси жүргізушісіне пышақ сұғып алады. Менің жолдасым екеуін ажыратпақ болғанымен, бұдан түк шықпайтынын білген соң машинадан шығып кетеді. Сырттан қарап тұрған ол көлік бір адамды қағып кеткенін көреді. Жолдасым бірден ішкі істер бөліміне барып осы оқиғаны жайып салған. Жолдасым оқиғаның куәгері болса да, адвокат оны қорғап шықпады. Сот төрелігінде күмән тудырар жайттар көп»,-деп баяндаған ол оқиға барысын. Азаматшаның айтуынша, олардың 3 баласы бар екен.