Жоғарғы сот төрағасы сот органдарының жұмысын сынға алды

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сот органы өкілдері жемқорлықтан ада болуы керек. Қазір жұртшылық арасында сот органдарына қатысты жағымсыз көзқарас бар. Бүгін Жоғарғы соттың селекторлық мәжілісінде Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз жуырда осы мәселеге байланысты арнайы сауалнама жүргіздік. Одан түйгеніміз, қоғам арасында сот органдарының беделі жоғары. Дегенмен, оның атына дақ түсірп жүрген жекелеген азаматтар бар. Баршаңызға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатында сөйлеген сөзінде соттардың тәуелсіздігі олардың қоғамнан оқшау орган болуына себеп болмауы қажет деп атап көрсетті. Президент бұл сөздерін азаматтардың арыз-шағымдары мен ақпарат құралдарында жарияланған материалдар және қоғамның сот органдарына деген көзқарасы негізінде айтып отыр», - деді Жоғарғы сот төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, Жоғарғы сот тарапынан жүргізілген сауалнамаға негізінен сот ісіне қатысқан азаматтар тартылған. Осыған орай олардың 82 пайызы сот шешімімен келісетіндіктерін білдірген. Ал 15 пайызы шешімге қарсы болған. 1,70 пайызы жауап беруден бас тартқан. Ал істі қарау барысында жемқорлық әрекеттері байқалды ма ? - деген сауалға сұралғандардың 2 пайызы «иә» деген жауап берген. Ал 97 пайызы ондай әрекеттердің болмағандығын айтқан. 1 пайызы жауап беруден бас тартқан. «Біз соңғы 10 жылдағы қылмыстық жауапқа тартылған судьялардың ісіне байланысты материалдарды сараптадық. Бұл мәселе бойынша мәліметтер жағдайдың оңала қоймағандығын көрсетті. Яғни бұл, елімізде бірқатар проблемалар бар деген сөз», - деді М.Әлімбеков. Оның айтуынша, судьялардың кәсіби деңгейінің төмендігі де сот органдарының беделіне нұқсан келтіріп отыр. «Бұл бүгінгі таңда біздің бірінші кезекте атқаруымыз қажет мәселелер. Біз біріншіден, судьялардың тазалығын қамтамасыз етіп, олардың кәсіби деңгейін көтеруіміз қажет», - деді Жоғарғы сот төрағасы.