19:09, 17 Сәуір 2009
Жоғарғы сот төрағасы сот органы өкілдеріне БАҚ өкілдерімен жиі кездесіп отыруды тапсырды
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен барлық деңгейдегі сот төрағаларына бұқаралық ақпарат құралдарынан қашпай, мүмкіндігінше қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отырған істер бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, нақты ақпараттар беріп отыруды тапсырамын», - деді бүгін Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков селекторлық мәжілісте.
«Барлық деңгейдегі сот төрағалары ай сайын қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, азаматтардың құқықтары қалпына келтірілгендігі туралы ақпараттарды жария етіп отыру қажет. Бұл істер, әрине, заңдық күшіне енген болғаны дұрыс. Ал мұндай істер бізде жетерлік. Қалың көпшілік соттың көзқарасын білулері керек. Өз кезегінде бұл істер азаматтардың құқықтық сана-сезімдерінің жетілуіне де ықпал етеді», - деді М.Әлімбеков. Оның айтуынша, БАҚ-пен байланыс қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ол жемқорлықпен күрестің де нышаны. «Елдегі әрбір судья оның ісін қалың көпшілік бақылап отырғанын сезінуі тиіс. Яғни жұмыс барысында жіберілген әрбір кемшілік қоғамның назарында болады және тиісті бағасын алады. Ал бір рет ғана жіберген кемшілігімді ешкім байқамай қалады деу ақымақтық», - деді Жоғарғы сот төрағасы.