Аталған шараны Жоғарғы сот және «ҚазАқпарат» АА ұйымдастырып отыр.
12-26 маусым аралығында ғаламтор жүйесіндегі интернет-конференция желісі арқылы Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаровқа conference@supcourt.kz поштасына: арнайы ашылған хаттар қоржынына сауалдар жолдау мүмкіндігі ашылғанын естеріңізге сала кетейік.
Жұмыстың екі күнінде 40-қа жуық сауал келіп түсті. Олар нақты сот істері мен шығарылған сот актілерінен басқа, қолданыстағы заңнама аясына қатысты тақырыптарды қамтыды.
Азаматтардың басым бөлігін заңнамаларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сот ісін жүргізудегі құқықтың сан саласына қатысты кеңес алу мәселелері толғандырып отыр. Сонымен қатар судьялардың атына бірнеше алғыс хаттар келіп түсті.
«Үн қатысатын интернет-аудиторияның аумағы өте кең. Бізді азаматтардың құқықтық тұрғыдан сауаттылығы, жаңадан қабылданған заңнамамен хабардар болғаны қатты қуантады. Сауалдың басым бөлігін республикамыздың заң саласындағы адвокаттар, нотариустар, кәсіпорын және компаниядағы заңгерлер жолдап отыр. Сонымен қатар сауал қоюшы адамдардың ішінде судьяға үміткерлер, студенттер, сотталушылар да бар», делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Қазіргі кезде жұмыс тобы барлық сауалдарға мониторинг жүргізіп, оларды ұқсастығы бойынша біріктіруде. «Біз қоржынға түскен аса өзекті, көпшілікті жиі толғандыратын, әрі қызықты сауалдарды толығымен қамтуға тырыстық», деп нақтыланған хабарламада.
Интернет-порталдың нұсқасы үшін Интернет-конференцияның мәтіні Жоғарғы соттың (www.supcourt.kz) және «ҚазАқпарат» АА интернет ресурстарында (inform. kz) жарияланатын болады.
«Интернет-конференцияға сауалдарды қабылдау 26 маусымда аяқталады», деп айтып өтілген баспасөз хабарламасында.