Бұл туралы бүгін биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына байланысты жергілікті және өзге де сот өкілдерімен болған селекторлық мәжілісте Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.
«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы комиссия құрылып, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлерін аттетациядан өткізу шарасы жүріп жатыр. Яғни құқық қорғау саласының жүздеген қызметкерлері жыл бойына арнайы тексеруден өтеді. Сөйтіп олардың арасында ішкі істер органдарында қызмет етуге лайықты дегендері ғана таңдап алынады. Ал сот жүйесі бойынша, аттестациядан өту немесе қайта өту деген талапты Мемлекет басшысы қойып отырған жоқ»,- деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның сөзінше, бұл Мемлекет басшысының еліміздің сот жүйесіне сенімі. «Алайда бұл әрбір судьяның жеке басының мәселесі назардан тыс қалды дегенді білдірмейді. Жоғарғы сот та, Жоғарғы сот кеңесі
де тұрақты түрде судьялардың өз қызметтерін қалай атқарып, қалай жетіліп келе жатқандықтарын бақылап отырады. Біз сонымен қатар қалың көпшіліктің сот өкілдеріне деген пікірлерін де қадағалап отырамыз. Жоғарғы сот осындай сот өкілдерінің жеке бастарына қатысты мәселені зерттеп, зерделеу мәселесін жоспарлап отыр және бұл жоспар орындалады»,- деді Б.Бекназаров.