Аталған құжат лауазымға кандидаттарды іріктеу конкурсының рәсімдерін жетілдіруге, судья лауазымдарына кадрлық резервтің рөлі мен мәнін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, жобаға сәйкес судья лауазымдарына кадр резервін қалыптастыруда Жоғарғы Сот пен Жоғары Сот Кеңесі өзара келісуі тиіс.
Сонымен қатар, судья лауазымдарына кандидаттарды іріктеу жұмысына жұртшылықтың рөлін арттыру мақсатында облыстық соттар жанында консультациялық-кеңесші орган - Қоғамдық кеңес құру ұсынылады. Бұған қатысты депутаттар ондай кеңесті облыстық соттардың емес, Жоғарғы Сот жанынан құруды ұсынды.
Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен алқа төрағаларының лауазымдарына үміткерлерді іріктеу барысында басшы судья лауазымдарының кадрлық резервінде тұрған адамдарға басымдылық беру көзделеді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының судьялар қызметінің әлеуметтік және материалдық жағдайларын арттыру туралы тапсырмасына орай бірқатар өзгерістер енгізіледі.