Кеше, 30 сәуірде болған іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен сот жүйесінің ардагерлері, судьялар мен Жоғарғы Сот Аппаратының қызметкерлері қатысты. Салтанатты шараға қонақ ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттар шақырылды.
Жиынның алдында ұйымдастырылған Қазақстан халқы достығының фестиваліне Жоғарғы Сот Аппаратының қызметкерлері белсене атсалысты. Фестиваль шеңберінде Аппараттың әрбір құрылымдық бөлімшесі Қазақстанда тұратын этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрінің озық үлгілерін көрсетіп, музыкасын орындап, ұлттық тағамдарын көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты жиынды ашқан Қ. Мәми қазақстандықтар үшін 1 мамыр мерекесінің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан халқының бірлігін сақтау мен нығайтуда Мемлекет басшысының рөлі айрықша екенін атап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктеріне көп жағдайда еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткіздік. Бүгінде республикамыздағы соттарда 28 этнос өкілдері жемісті қызмет атқаруда. Соттар тарапынан жыл сайын бір миллионнан астам істің қаралуы, халық сенімінің арта түсуі қазақстандық сот төрелігінің тиімді көрсеткіші болып саналады», - деді өз сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы.
Салтанатты жиында сөз алған Ералы Тоғжанов жиналған қауымды мерекемен құттықтай отырып, «Қазақстан бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шараны мемлекеттік мекемелер арасында алғаш болып Жоғарғы Сот ұжымы бүгін жоғары деңгейде өткізді. Барлығыңызды осынау іс-шараның ұйымшылдықпен өтуімен және мерекемен құттықтаймын» дей келіп, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.
Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың бірқатар судьялары Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы атынан мерейтойлық медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Бұған қоса, республикамыздың барлық өңіріндегі 45 судья және отставкадағы 11 судья дәл осындай марапаттарға ие болды.
Жоғарғы Сот Төрағасының Өкімімен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында республикадағы 70-ке жуық судья, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен отставкадағы судьялар ведомстволық медальдармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Аталған наградалар өңірлерге жіберілді және марапат иелеріне салтанатты түрде тапсырылатын болады.
Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.