12:55, 10 Сәуір 2009
Жоғарғы Сотта жаңа Салық кодексіне қатысты семинар өтуде
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Жоғарғы сотта «Қазақстан Республикасының салық органдарының қатысуымен қаралатын істердің құқықтық аспектілері» деген тақырыпта семинар өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараны Жоғарғы Сот пен Халықаралық салық және инвестиция жөніндегі орталық ұйымдастыруда. Осыған орай жиынға Жоғарғы
Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков пен Жоғарғы соттың судьялары, Парламент пен Конституциялық кеңестің және Бас прокуратура мен "Атамекен» одағы" Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының өкілдері қатысуда. Жиын барысында олар жаңа Салық кодексінің ережелерін талқылауды жоспарлап отыр. Бүгін семинарға қатысушылардың бірқатары салықты белгілеудің құқықтық мәселелеріне байланысты баяндамалар жасады. Сондай-ақ олар шағын бизнес субъектілеріне арналған арнайы салық режімі туралы, салық агентінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты жайттарды да қамтымақ. Бұған қоса жиында салық төлеушіні әкімшілік жауапқа тартудың тәртібі мен шарттары сөз болады. Семинарда аталмыш мәселелер жөнінде сөз қозғаған Жоғарғы Соттың төрағасы М.Әлімбековтың айтуынша, биыл елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Ал оған байланысты істерді қарау кезінде түрлі сауалдар мен мәселелер туындауы мүмкін. Ал сот өкілдері мұндай мәселелерге толық дайын болғандары дұрыс. «Осы тұрғыдан алғанда бүгін біздің талқылағалы отырған мәселеміз өте маңызды», - деді Төраға.