***
«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» корпорациясының бас атқарушы директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Джон Уотсонды қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Президент бірнеше жылдан бері Қазақстанды табысты басқарушы көшбасшы болып табылады. Мұны өткен президенттік сайлаудың нәтижесі айқын көрсетті. Ол оңайға соқпаған өткен жылдарда да, таяудағы жаһандық қаржылық дағдарыста да елді өте тиімді және табысты басқарып келеді. Қазақстан таңғаларлықтай нәтижелер көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі инвестициялық ахуалдың жақсаруына ерекше мән береді», - деді журналистерге арналған брифинг барысында Д.Уотсон.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты жалғыз мәселе қаралған. Аталған заңдық құжат бойынша баяндаманы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров жасады. Оның мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін еліміз аумағы арқылы 10 мыңға жуық транзиттік рейс жасалған. Келісім бекіген жағдайда бұған дейін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум күшін жоятын болады. Сондай-ақ құжат Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті орнатуға ықпал ететіні ерекше атап өтілді.
***
«Орал өңірінде кеше сәске түске таман басталған жауын ел орынға отырған шақта қылаулаған қарға ұласып, сонан соң қайтадан жаңбырға айналып, бүгін әлі жауып тұр», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Жағдай өте күрделі, бірақ ешкім көмексіз қалмайды» деген мақаласында. Басылымның тасқын суға тосқын болу үшін құрылған облыстық комиссияның мәліметіне сүйеніп, жазуынша, бүгіндері 1100 тұрғын үй мен 2 мыңға тарта саяжай үйшіктері алапат судың құшағында. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласының 5 нысаны, 21 мектеп, 1 балабақша және 14 қосалқы электр стансасы су құрсауында. Ал облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы М. Оңғарбековтың мәліметіне қарағанда, 20 мың гектар күздік бидай алқабын да су басқан. Қауіпсіз аймаққа көшірілген 2580 адамға бұл күндері ыстық тамақ пен қажетті дәрігерлік көмек ұйымдастырылуда.
Осы басылымның құлағдар етуінше, көктем келгеннен «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан аймақтық филиалы киік санағын бастап кеткен. Үстірт аумағын қарап шыққан олар небәрі 62 киіктің бар екенін айтып отыр. «Жыл мезгілінің көктемі мен күзінде санақ жүргізетін мекеме өткен жылы Үстірт аумағынан 4,5 мың киікті санап үлгерген. Бүгінгі қолда бар дерек көздері жәудіреп, адамнан үрке қашатын киіктің мүлдем құрып кетуі мүмкін-ау деген ой қалдырады. Бұл дабыл қағарлық жайт», - деп жазады басылым. Мақала «Байлығымыз браконьерлерге «жем» болды» деген тақырыппен берілген.
***
«Түске дейінгі отырыстан «ертең 15 сәуірде кездесеміз» деп тарқасқан сенаторлар күннің екінтісінде қайта жиналып, шұғыл түрде мәселе қарап, бая-аяғы жарты сағаттың ішінде ҚР Жоғарғы сотының бірқатар судьяларын қызметінен босатты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, Елбасының өкілдік берумен Сенат отырысына келген ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин ҚР Президенті атынан бірқатар судьяны қызметінен босату туралы ұсыныс жасаған. Бұл жайында тереңірек басылымның бүгінгі нөміріндегі «Жоғарғы соттың алты судьясы бірдей істі болды» деген мақаладан біле аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында дәрігер, Қазақстан қажылар қауымдастығының мүшесі Раушан Орымбаевамен арадағы сұхбат «Бетін тұмшалап жүргендердің бәрін бірдей иманды деп айтуға болмайды» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Дінге бет бұрған қыз-келіншектердің бірқатары қап-қара орамал тағып, қап-қара көйлек киіп жүреді. Бұл - дұрыс емес. Мәселе киімде емес, мәселе - жүректің, рухтың тазалығында. Қазақ халқының өз дәстүрі, өз салты, өз киімі бар. Имандылыққа ден қойған қыздарымыз сол өз ділімізге сай киінсе болғаны», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Өскеменде тасқын салдарынан 396 саяжай мен 294 тұрғын үй су астында қалған. Кей жерлерде су деңгейі тіпті 1 метрге жетеді. Ауа температурасының күрт жылынуы салдарынан қардың жылдам еруі орын алып, қаланың Согра, Гавань шағын аудандары аумағымен өтетін Маховка, Овечий ключ өзендері арнасынан асып-тасуда. «Кеше өзеннің су деңгейі төмендеді. Дегенмен жағдай күрделі болып отыр. Ауа температурасы әлі де жоғары, сондықтан судың жағалауға қайта шығуы мүмкін», - деп жазады басылым «Вода вошла в дома» деген мақаласында.