«Жоғарғы Соттың электрондық сервистерін ілгерілету» атты пилоттық жобасы іске асырыла бастады
Биылғы 1 шілдеден бастап, Алматының тоғыз сотында: Алматы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай, Түрксіб, Алмалы ауданының №2, Әуезов ауданының №2 соттарында, сондай-ақ Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық сотында Жоғарғы Сот пен «Kazakhstan Bar Association» коммерциялық заңгерлер алқасының «Жоғарғы Соттың электрондық сервистерін ілгерілету» атты бірлескен жобасы іске қосылды.
Пилоттық жоба электрондық сот ісін одан әрі дамытуға, халықтың басым бөлігінің сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарын іске асыруда өте өзекті болып саналады.
Жобаны іске асыру үшін соттардың ғимараттарында ұйымдастыру техникасымен жабдықталған және Жоғарғы Соттың электрондық сервистеріне қолжетімділігі бар арнайы кабинеттер (жұмыс орындары) ашылған. «Kazakhstan Bar Association» коммерциялық заңгерлер алқасының кураторлары және заңгерлік білім беретін жоғары оқу орындарының студенттері арнайы оқудан өтті.
Енді сотқа жүгінгендер «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарламаға сай сот құжаттарын қарап шығу» сияқты электрондық сервистермен жұмыс істеу жөнінде жылдам әрі тегін кеңестер алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Жоба заңгер мамандығына бейімдейтін жоғары оқу орындарының студенттері үшін Жоғарғы Соттың электрондық құжаттарымен және сервистерімен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын алу мүмкіндігін, сондай-ақ олардың жұмысқа орналасуын қарастырады.
Болашақта осындай кабинеттер республиканың өзге де өңірлерінде ашылатын болады.