Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сот жүйесіне қатысты заң жобаларын талқылау барысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.
Бектас Бекназаровтың айтуынша, босаған қаражат өңірлерде ювеналдық соттарды құру үшін пайдаланылады. «Заң жобаларында техникалық құралдар, сот отырыстарында дыбыс және бейнежазуды іс жүргізу тұрғысынан реттеу туралы тың ұсыныстар да бар. Бұның өзі іс жүргізу нормаларын сақтауды қамтамасыз етіп, процеске қатысушылардың өз құқықтарын дұрыс пайдалануға ықпал етеді», - дейді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Оның айтуынша, құжатта сот рәсімдерін жұртшылықтың көз алдында ашық жүргізу, құқықтық және техникалық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану шаралары сот қателіктерін азайтуға кеңінен ықпал ететін болады.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасымен судьялардың зейнеткерлікке шығуының жалпы тәртібі белгіленеді. Сонымен бір мезгілде судья қызметінде болудың шекті жасы: әйел адамдар үшін 63 жас және ер адамдар үшін 68 жас ретінде белгіленеді. Бұл ретте судьяның шекті жасқа жеткенге дейін өз қызметінде одан әрі болуы мәселесін Жоғарғы Сотының Төрағасы шешетін болады. «Алайда, Мемлекет басшысы судьялардың съезінде мемлекет судьялар үшін зейнеткерлік жасты ұзарту мәселесін шешті деп атап өткен. Бұл судья қызметінде болудың қазіргі шекті жасын сақтап қалу керектігін, оның қолданыстағы заңнамалық регламенттелуі дұрыс екенін растайды. Осыған байланысты аталған ережені заң жобасынан алып тастау және судья қызметінде болудың шекті жасы туралы қолданыстағы реданцияны нақтылай отырып, сақтап қалу ұсынылды», - делінген заң жобасының қорытындысында.