Жоғары аудиторлық палата мүшесінің өкілеттігі тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мүшесінің өкілеттігі тоқтатылды.
— Парламент Сенатына ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рашит Ахметовтің қызметінен босату туралы өтініші енгізілді. Р. Сайранұлы 2017 жылдың маусымынан 2022 жылдың маусымына дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды. 2022 жылдың қарашасынан бастап Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті регламентке сәйкес комитет отырысында талқылай отырып, палата отырысына ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Сенат тағайындаған мүшесі Рашит Сайранұлының өкілеттігін тоқтатып, қызметінен босатуды ұсынады, — деді депутат Сұлтанбек Мәкежанов.
Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
Р.Ахметов 1959 жылы 7 қазанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Жаңа Қазан ауылында дүниеге келді.
1982 жылы Алматы темір жол транспорты инженерлері институтының «Вагон жасау және вагон шаруашылығы» мамандығы бойынша, 2002 жылы — Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің Басқару және құқық институтын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1982 жылы вагон депосының мастері болып бастады (Орал қ.).
1982 жылғы тамыз –1984 жылғы маусым аралығында Кеңес әскерлері қатарында қызмет етті.
1984 жылғы қыркүйек –1989 жылғы сәуір аралығында Орал қаласы вагон депосында аға шебер, бас механик, басшының орынбасары.
1989 жылғы сәуір — 1991 жылғы қараша аралығында Орал қаласы теміржолдар торабы парткомы хатшысының орынбасары.
1991 жылғы қараша — 1994 жылғы ақпан аралығында Орал механикалық зауытында бас брокер, коммерциялық орталықтың басшысы, директордың орынбасары.
1994 жылғы ақпан — 1999 жылғы желтоқсан аралығында «Нұржанар» ААҚ-ның президенті.
1999 жылғы қыркүйек — 2017 жылғы маусым аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі, хатшысы, төрағасы.
2017 жылғы маусым — 2022 жылғы маусым аралығында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы № 374-VII ПС қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі болып тағайындалды.
Осыған дейін Сенат Жоғарғы соттың судьяларын қызметінен босатқанын хабарладық.