«Экономиканы әртараптандыру мәселесі бірінші кезекте шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға тікелей байланысты. Былтыр экспорттың оң өсімі тіркелді. Нысаналы индикатор 3 пайызға асыра орындалды. Биыл одан да жоғары көрсеткішті, яғни экспорт деңгейін 37,7 млрд долларға дейін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ал 2025-ші жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімдер мен қызметтер экспортының көлемін 41 млрд долларға дейін жеткізу қажет. Сонымен қатар біз бұдан да биік мақсаттар қойып, аталған жоспарларды асыра орындауға тырысуымыз керек», - деді О. Бектенов.
Бұл тұрғыда ол осы жұмысқа барлық мүдделі министрліктер, әкімдіктер, әсіресе бизнес белсенді атсалысуы тиіс екенін айтты.
«Шикізаттық емес экспортты дамытуда жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортына баса мән беруіміз керек. Егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсету экспортының көлемі орнықты өсіп келеді – былтыр шамамен 30 пайызға өсті, ал шикізаттық емес тауарлардың экспорты былтыр керісінше 5,7 пайызға төмендеп кеткен. Тауарлардың импорты 21,5 пайызға артқан. Көріп отырғандай, айырмашылық 2 еседен асады, бұл сауда балансына теріс әсер етеді. Сондықтан жоғары деңгейде өңделген тауарлардың өндірісі мен экспортын ұлғайту қажет. Ол үшін перспектива мен мүмкіндік жеткілікті», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға белсенді қолдау жасауды тапсырды.
«Сақтандыру, қаржылық, сервистік сияқты қолдау құралдарының 20-дан астам түрі бар. Оларды тиімді пайдаланып, бизнес-қоғамдастыққа осы шаралар туралы үнемі ақпарат жеткізіп тұру қажет. Консультациялық қызметтер көрсету, ақпараттық сүйемелдеу және жаңа нарықтарға шығуға көмектесу арқылы экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдауды күшейту қажет», - деді О. Бектенов.