Жоғары аудиторлық палата жылумен жабдықтау саласында қаражатты тиімсіз игеру деректерін анықтады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 250 млрд теңге бөлінген.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жылумен жабдықтау саласындағы аудиторлық іс-шараның қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2023 жылғы жылыту маусымында бірқатар өңірде болған штаттан тыс және тіпті төтенше жағдайға байланысты, Жоғары аудиторлық палата тексеру комиссияларымен бірге жылумен жабдықтау саласындағы басқару тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. 47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізілді. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының және 480 млрд теңге активтердің игерілу тиімділігі тексерілді», - деді Н. Годунова.

Оның айтуынша, осының нәтижесінде 23 млрд теңге сомасында қаржы саласындағы заңсыздық, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығындар мен пайдадан қағылу деректері анықталды.

«Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 250 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген. Алайда, бүгінде ресурстардың аз болуы жылу-энергетика жүйесінің қажет қорын және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етпейтіні бәріне түсінікті. Бұған жылу электр орталықтарының негізгі жабдықтарының орта есеппен еліміз бойынша 66 пайызының тозуы және жылу желілерінің 54 пайызының тозуы дәлел бола алады», - деді палата басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жылу электр орталықтарының жалпы санының 76 пайызы 50 жылдан астам, 24 пайызы 30 жылдан астам пайдаланылып келеді. Жылу электр орталықтарының орташа қызмет ету мерзімі — 61 жыл.

«Олардың апат жағдайында тоқтап қалуы жыл сайын артып келеді. 2020 жылмен салыстырғанда, 2021 жылы жылу электр орталықтарындағы осындай оқиғалар 22 пайызға өскен. Мемлекеттік комиссия тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі барлық объектіге техникалық аудит жүргізді», - деді Н. Годунова.