Жоғары білім алам деген жастарға несие беру бастамасы өте өзекті – ректор

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Сәуле Жәдігерқызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында білім, ғылым және жастар тақырыбына тоқталып, бірқатар мәселені көтерді. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл орайда, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да түлектердің 96 пайызы алған білімі бойынша жұмысқа орналасады. ЖОО бағытында келесі жылдың еншісіне бұйыратын мемлекеттік гранттың берілу жолы да айқындалды. Бұл туралы Президент мемлекет ҰБТ нәтижесі мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100%-ға дейін сараланатын білім гранттарын бөлу жоспарлап отырғанын жеткізді», - дейді Сәуле Жәдігерқызы.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөздің төркініне тоқталып, «Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды екендігін жеткізді.

«Президенттің жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жайлы айтқаны өте өзекті. Осы ретте оқуға жылдық 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие берілетіндігі құба-құп. Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілгені көпті қуантып отыр», - деді ректор.