Жоғары білім тұрғысындағы халықаралық тәжірибеге абайлап келу керек - Кембридж университетінің профессоры

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Жоғары оқу орындары сервистік ұйымдарға айналуда және жоғары рейтинг үшін олардың көпшілігі өзінің академиялық бағытынан айырылуда.

Бұл туралы бүгін Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы барысында Кембридж университетінің профессоры Дэвид Бриджес мәлім етті.

Оның пайымдауынша, жоғары рейтингті алу үшін көптеген университеттер тек аудиттен өтуді көздейтін шаралармен ғана айналысуда. «Сондықтан да біз жоғары білім тұрғысындағы халықаралық тәжірибеге тоқталсақ, бұған өте абайлап келу керек», - деді Д. Бриджес. Осы орайда ол бұл үдерістерге байыппен қарау қажет екенін, сондай-ақ әлемдегі жоғары білім берудің жүйесін  көзді жұмып тұрып көшіре берудің реті жоқ екендігін баса айтты.

Бұдан бөлек ол университеттердің дербестік алуы үлкен жауапкершілікті жүктейтінін айтты. «Бұл тұрғыда тек қаржылық жағдайдан бөлек, жоғары оқу орындары өскелең ұрпақ алдындағы моральдік жауапкершілікті сезінуі тиіс. Егер олар өз іс-қимылдарында үлкен еркіндікке ие болса, сонымен қатар оқу орындары үлкен жауапкершілікті де өз мойнына алады», - деді ғалым.