Жоғары қан қысымын қалай қалыпта ұстауға болады – кардиологтың кеңесі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында артериалды гипертензиямен 62 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Бір жылдың ішінде сырқаттар саны 2 мыңға көбейген. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне қауіпті дерттің алдын алу жолдары жайында, жоғары қан қысымы тұрақты болуы үшін не істеу керектігі туралы облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігері Қарлығаш Мизамбаева айтып берді.

- Ең алдымен артериалдық гипертензия деген не, соған тоқталсаңыз.

- Жүрек бұлшықеті денедегі қанды көктамыр мен күретамырға айдайды. Тамырмен өткен қан оның қабырғаларына қысым түсіреді. Яғни артериалдық қысым жүрек пен қантамырдың созылмалылығына байланысты. Ол тарылса немесе созылса, өзгерістерге ұшыраса – қан қысымына әсер етеді. Мәселен, 120/80 деп алайық. Біріншісі жүрек жиырылған кездегі артериядағы, екіншісі босаңсығандағы қысым. Артерия қысымы тұрақты түрде жоғары болса, жүрекке салмақ түседі. Себебі ол қанды үлкен кедергіге қарсы айдауға мәжбүр болады. Салдарынан жүректің ұлғаюы, жүректің жеткіліксіздігі, миокард инфаркті, инсульт немесе бүйрек ауруына әкелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта артериалды гипертензия еліміздің ересек тұрғындарының 30-45 % бар. 50 жасқа дейін көбіне ер адамдар ауырса, 50 жастан кейін әйелдерде анықталады.

- Артериалды қысымды үй жағдайында қалай дұрыс өлшеген жөн?

- Негізі механикалық тонометрмен немесе фонендоскоппен өлшеген дұрыс, нақты көрсетеді. Ал үйде әрине автоматты, жартылай автоматты тонометрлерді қолдануға болады. Өлшемес бұрын 5 минут отырып, демалу керек. 30 минут бұрын тамақ, кофе, спирттік ішімдік ішуге, темекі шегуге, спортпен айналысуға болмайды. Сондай-ақ қан қысымын өлшегенде аяқты айқастырып қойған да дұрыс емес. Аяқ жерге, арқа орындықтың арқалығына тиіп тұрғаны жөн. Дәретханаға алдын ала барып алып, тонометр тағатын қолды үстел үстіне қойған дұрыс. Бұл кеңесті сақтамау артериалды қысымның көтерілуіне әкелуі мүмкін. Киімнің үстінен өлшеуге болмайды, киім қысып тұрмауы тиіс. Сондай-ақ кемінде екі рет өлшеп, ортақ нәтижесін алу керек.

- Қан қысымының көтерілгенін өлшемей-ақ білуге бола ма, дерттің белгілері қандай?

- Ең басты белгісі – бас ауруы. Ұйқыдан оянған кезде желке жағы ауыруы мүмкін. Сондай-ақ науқастардың жиі басы айналады, көзі қарауытып, құлағы шулайды, жүрегі қатты соғып, шаншып ауыруы мүмкін. Ал қан тамырында өзгерістер болса онда аяқ-қолы суып, ақсап басатын болады.

- Артериялық қан қысымын төмендету үшін не істеу керек?

- Егер Сізге артериалды гипертензия деген диагноз қойылса, өмір сүру салтын өзгертуге тура келеді. Ең алдымен тағамдағы тұз мөлшерін азайту. Күйзеліске жол бермеу, зерттеулер күніне 30 минут тыныштандыратын ән тыңдағанның өзі артериялық қысымды түсіруге көмектесетіндігін көрсеткен. Артық салмақ болса – азайту. Спирттік ішімдіктерден, темекіден бас тарту. Калий мөлшерін көбейту, соя бұршағы, консервіленген бұршақ, қызанақ пастасы, шпинат, фасоль және жасымықты ас мәзіріне қосу.Сондай-ақ магнийді де жеткілікті мөлшерде қолдану қажет. Ағзада магнийдің аз болуы инсультке әкеліп соғуы әбден мүмкін. Магний бадам, жаңғақта және сүтте көп. Жалпы сүт және басқа да сүтті тағамдарға басымдық беруге кеңес беремін. Йогурт, брокколи және орамжапырақ та кальциге бай. Әрине, спортты да ұмытпаған жөн. Аптасына 2-3 рет жүріп немесе жүгіріп, жүзу қажет.

- Бұл дерттің алдын алуға бола ма?

- Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде деген бар ғой. Артериялық гипертензия бара келе пайда болатын ауру. Басты себептері – генетикалық бейімділік, аз қимылдау, тұзды көп қолдану, қант диабеті, бүйрек аурулары, күйзеліс, темекі шегу. Ішкі факторлар – гормоналды, нерв жүйесінің бұзылуы әсер етуі мүмкін. Байқап отырсаңыз, саламатты өмір салтын ұстану көптеген аурудың алдын алады екен. Жалпы, бұл – қауіпті дерттердің бірі. Артериалды қан қысымының жоғарылауы адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан сырқаттың қол астында «каптоприл» дәрісі болуы қажет. Жайсыз сезінген жағдайда бірден «жедел жәрдем» қызметін шақырып, мамандардың көмегіне жүгінген жөн.

- Әңгімеңізге рахмет!


Фото: gettyimages.com