Жоғары шенді офицерлер өзінің адалдығын мәлімдеп, қарамағындағылардан соны талап етуі тиіс
Отырыста құқық қорғау органдары жеке құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтауы мәселелері қаралды. Асанов Елбасының кәсіби аппаратты қалыптастыру бойынша реформасының маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытта құқық қорғау органдарымен орасан зор жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров құқық қорғау жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалардан қоғам үлкен өзгерістер күтетіндігін атап өтті.
«Бір жағынан құқық қорғаушылар қатарына жоғары деңгейлі кәсіби мамандардың түсуін қамтамасыз ету қажет. Екінші жағынан олар мінсіз абыройлы болулары керек. Олар конституциялық құрылыс пен қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге міндетті және жемқорлықтан таза болып азаматтардың сенімін тудырулары тиіс», - деді Қожамжаров.
Агенттік төрағасы қазіргі уақытта осыны толығымен жүзеге асыруға әлемдік тәжірибеде бейімделген құралдар жеткілікті екендігін атап өтті. Олар: полиграф, кәсіби және жеке бас біліктілігін анықтауға арналған тесттер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен міндеттемелер, ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысы.
Сонымен бірге Қожамжаров жоғары шенді офицерлер қызмет мүдделеріне сатқындық жасаған мысалдардың іс жүзінде бар екенін атап өтті. Аудандық буыннан республикалық деңгейдегі әрбір басшыны өзінің адалдығы туралы мәлімдеп, өз қарамағындағы қызметкерлерден соны талап етуге шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша тәртіпті нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықты азайту және құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыру мақсатындағы Жол картасы қабылданды.