Жоғары сот кеңесінің төрағасы Президенттің келісімінсіз қамауға алынбайды – Заң жобасы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жасаған қылмысы ауыр немесе аса ауыр санатқа жатпаса, Жоғары сот кеңесінің төрағасын Президенттің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға немесе күштеп әкелуге рұқсат берілмейді. Бұл туралы Парламенттің қарауына енгізілген заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Кеңес Төрағасын өз өкілеттігі мерзімі ішінде Президенттің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Бас Прокурорының келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Кеңес төрағасы қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ 1 тәулік ішінде оны міндетті түрде хабардар ете отырып, жалғастырылуы мүмкін. Аталған адамға қатысты арнаулы жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері ҚР заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүргізілуі мүмкін», - делінген жаңа редакцияда.

Қазіргі реттеуші заңнамада мұндай норма жоқ. Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде бұл ұсыныс Жоғары сот кеңесі төрағасының мәртебесін Жоғары сот мүшелерімен теңестіру мақсатында енгізіліп отырғаны көрсетілген.

«Жоғары Сот мүшелерінің жартысы судья болып табылатындықтан және ешкімнің тиіспеуі кепілдігінің болуына байланысты түзетуде Жоғары Сот Кеңесі Төрағасына осындай ешкімнің тиіспеуін бекіту ұсынылады», - деп түсіндірме берілген өзгеріске.