«Бауырлас Қырғыз халқына бүгінгі қиындықтарды еңсеруде, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға қол жеткізуде көмек қолын созудың маңызы ерекше жоғары. Қырғызстанға Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық көмегінің маңызы зор. Аталмыш ұйым қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі лаңкестікпен күрес болып қалып отыр. Және бұл бағытта ұйымның Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы белсенді жұмыс атқаруда. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын есепке алатын болсақ, ШЫҰ-ның Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымының Атқару комитеті ЕҚЫҰ-ның лаңкестікке қарсы бөлімшесі арасындағы байланыстарды тереңдету үшін жақсы мүмкіндік бар», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Қауіп-қатер елдер күш біріктіргенде ғана еңсеріледі» атты мақалада. Ұйымның отырысында көтерілген осы тектес бүгінгі таңдағы халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелерден хабардар болғыңыз келсе, «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санын оқыңыз.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен министрліктің және оның аймақтық органдарының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстары қаралғандығы жазылған. «Он-лайн желісі арқылы мыңға жуық адам қатысқан мәжілісте министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аман жемқорлықпен күрес мәселелері министрліктің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі екендігін атап көрсетті. Оның мәліметтерінше, өткен жылы осы мәселе бойынша министрлік құрылымдарындағы 62 қызметкерге шара қолданылып, 31-і жұмыстан босатылып, 12 адам қамауға алынды. Биылғы жылдың 5 айында 2 қызметкерге шара қолданылып, 5 адам жұмыстан босатылып, 7 адам қамауға алынды», деп жазады басылым «Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейеді» атты мақалада. Мәжіліс барысында көтерілген жемқорлықпен күрес бағытындағы мәселелер қызықтырса, оны да «Егемен Қазақстаннан» оқуға болады.
***
«Есеп комитетінің бағалауынша, Жол картасы бойынша өткізілген іс-шаралар халықты жұмыспен қамту саласының болашақ кезеңдеріндегі тәуекелдерді төмендете алмаған!» Мұны естіп билеуші партияның парламенттік фракциясы үкіметті жауапқа шақырды. Кеше билік ондай-ондай әкімдерде де, шенеуніктерде де болғандығын» мойындады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың мәліметіне жүгінсек, жыл басында «Жол картасы аясында» заң бұзылуына жол берген 325 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылған, 54 лауазымды тұлғаға қаржылық бақылау органдары әкімшілік жаза тағайындап, жалпы 7,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салыпты. Ал ел қаржысын талан-таражға салу мақсатында пайдаланылған 312 нысан бойынша материал құқық қорғау органдарына тапсырылған», деп жазады «Айқын» басылымы «Жолын тапқандар «Жол картасын» да «жепті», атты мақалада. Сондай-ақ аталмыш мақалада халықты жұмыспен қамтуға қатысты өзге де бірқатар мәселелер көтерілген.
«Айқын» сондай-ақ Парламент Сенаты депутаттарының жалпы отырыста еліміздің әскер саласындағы мәселелерді көтеріп дабыл қаққандығын жазады. Мәселен сенатор Құсайын Уәлиев күйреген Кеңес Одағының бұйрығымен 80-ші жылдардың басында Ауғанстанға аттандырылған «жас қыздар мен бозбалалардың», интернационалист-жауынгерлердің «еліміздегі әлеуметтік жағынан ең қорғалмаған азаматтарға» айналғанын ашына айтса, Александр Савченко Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Гвардейск қала үлгісіндегі поселкесінде келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскерилер санының артып, мектепте орын тапшы болып отырғандығын жеткізген. Әскер саласына байланысты депутаттар көтерген осы тектес өзге де күрделі мәселелер жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі нөміріндегі «Алтынбаев неге алаңдаулы» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Алаш айнасы» басылымы «35 пайызға телмірген 65 пайыз» атты мақалада мемлекеттік тіл мәселесін көтеріпті. Онда «Мәдениеттердің үндесуі арқылы бейбітшілік пен келісімге» тақырыбында өткен этномәдени бірлестіктердің халықаралық форумында көтерілген мәселелерді сөз ете келе, «Жергілікті халықтың үлес салмағы 65 пайыз бола тұрып, біз БАҚ-тардағы қазақ тілінің өкілдігін 35 пайызға дейін көтере алмадық», деп налыды форум модераторы Мұхтар Құл-Мұхаммед. Отырыс барысында сөз сөйлеген Орыс қауымдастығының басшысы Юрий Бунаков «Маған Қазақстандағы орыс тілін қорғап және сақтап қалу керек сияқты» деген пікірін айтып еді, жаңа қазақ тілінің мүшкіл жағдайын айтып тұрған министр мәймөңкелеп жатпастан «Қазір проблема орыс тілін дамытуда тұрған жоқ, керісінше қазақ тілін дамытуда тұр», деп төтесінен жауап қатты. Министр қазақ тілінің қолданылу және тарылу аясының проблемасы өзекті болып қалып отыр деп есептейді», деп жазады мақала авторы.
Сондай-ақ осы басылым «Жоғары жалақы білім сапасының көрсеткіші бола ала ма?» деген мақала жариялап, осы мәселеге қатысты білім, ғылым саласы мамандарының пікірлерін ортаға салған. Мақала авторының жазуынша, мемлекетіміздің өзгелермен тек білім арқылы ғана бәсекелесе алатындығын біліп, сезе тұрғандығымызға қарамастан ұстаздардың жалақылары әлі күнге дейін төменгі деңгейде. Бұл мәселені біз кештеу қолға алып отырмыз. Бүгінгі таңда ел мектептеріндегі білікті ұстаздарға зәрулік туып отыр. «Ал мұғалімдердің жалақыларын көтеру арқылы сол олқылықтың аздап болса да орнын толтыруға болатындай. Оның үстіне жоғары жалақы алып отырған мұғалімге жоғары талаптар да қоюға болатындай», деп жазады мақала авторы. Бүгінгі таңда әлеуметтік саладағы ең өзекті деген мәселелердің бірі жөнінде қалың көпшіліктің пікірін білгіңіз келсе «Алаш айнасының» бүгінгі санын оқыңыз.
***
«Астана ақшамы» бүгін «Мәйіттерді қайта жерлеу мәселесі қарастырылады» деген тақырыппен қызықты мақала жариялапты. Автордың айтуынша, елорданы дамытудың Бас жоспарына сай Есіл өзенінің сол жағалауында құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында б.з.д. дейінгі II мыңжылдыққа жататын Сақ дәуірінің қорғаны анықталған. 2007 жылы Сығанақ көшесінің бойында жатқан қорғанды одан әрі зерттеу барысында 25 мұсылманның мәйіті жерленген зират табылған. Сүйектердің алғашқысы шамамен соғыс жылдарынан бастап осы күнге дейін, яғни 1960 жылдары қойылған. «Мамандардың пікірінше, қазу жұмыстарын жүргізу кезінде мәйіттер тағы да табылуы мүмкін», деп жазады мақала авторы.
****
«Индустрияландыруға арналған алғашқы бесжылдық бағдарлама барынша қарқынды жүріп жатыр. Үкімет аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру жоспарын бекітіп те қойды. Жақын арада экономиканың басым бағыттары мен аймақтарды және ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтерді дамыту жөніндегі бағдарлама бекітіледі. Аталмыш бағдарламаларды жүзеге асырудағы маңызды құралдардың бірі өндіріс қуаттарын тиімді пайдалану болып табылады. Ал бизнес бастамаларды қолдау үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы қабылданды. Әңгіме арқауына айнанып отырған бағдарламаның маңызды тетігі Қазақстанды индустрияландыру картасы болып табылады. Оған қазіргі таңда құны 7,3 трилллион теңген құрайтын 237 жоба енгізілген», дейді «Комсомольская правда» басылымы. Елді индустрияландыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде басылымның бүгінгі нөмірінде «Жүйелі тұрғы және мақсатты қолдау» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Астананың он екі жылдығы теңдессіз керемет той болады. Астаналықтарды цирк өнерпаздары мен музыканттар, әлемдік деңгейде танылған әншілер құттықтайды. Мерекенің басталу
рәсімін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» этномемориалдық кешенінде мемлекеттік туды көтеру шарасы арқылы ашады. Дегенмен мерекелік көңіл-күй астаналықтарды маусым айының соңында-ақ баурай бастайды», деп жазады «Литер» басылымы «Астана салтанаты» атты мақалада. Онда сондай-ақ алдағы мерекеге арналған өзге де бірқатар шаралар жөнінде баяндалады.