Жоқ адамды жұмысқа тұрғызған Велоспорт орталығының басшысы ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшысының заңсыз әрекеттері әшкереленді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Мәдениет және спорт министрлігі «Велоспорт бойынша даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшысына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ол орталықта іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғаларға еңбекақыны есептеу, сондай-ақ заңсыз үстемеақыларды төлеу арқылы ақша жымқырды деген күдікке ілінді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталмыш іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихаты барысында Арман Бердалин пара алды деген күдікпен республиканың бірқатар облыстарында мемлекеттік органдардың өкілдері ұсталғанын хабарлаған болатын.