14:48, 25 Мамыр 2009
Жол апаттары өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға кеміді ? Жол полициясы комитетінің төрағасы
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде жол-көлік апаттарына байланысты жағдай тұрақты.
Биылғы жылдың 4 айында республикада 2 мың 953 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 589 адам қаза болды. Ал 3 мың 426 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның келтірген деректеріне қарағанда, 2008 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, жол апаттары 11 пайызға, оның салдарынан мерт болғандар 28 пайызға, ал дене жарақаттарын алғандар 10 пайызға төмендеген. «Баршаға мәлім, 2008-ші жылы тамыз айының 1-інде жол ережесіне қатысты қолданысқа жаңа ережелер енгізілді. Жүргізушілердің жауапкершіліктерін күшейтудің
осындай шараларының нәтижесінде бүгінде еліміздің жолдарындағы жағдай айтарлықтай оңалды. Мысалы, биылғы жылдың басынан бері 710 мыңнан астам құқықбұзушылардың заңсыз әрекеттерінің алдын алдық. 27 мың мас жүргізушіні ұстап, сот шешімімен 20 мыңға жуық адам көлік жүргізу құқынан айырылды. Сондай-ақ 3 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік қамауға алынды», - деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, елімізде әсіресе фото және бейне тіркеу жүйелері енгізілген қалаларда жол қозғалысы қауіпсіздігімен байланысты жағдайлар жақсарып келеді. Бұл жүйелер Астана, Қарағанды, Алматы, Өскемен, Қостанай, Атырау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Семей қалаларында орналастырылған. «Нақты деректермен айтсақ, еліміздің жолдарындағы жол-қозғалысы ережесін бұзу әрекеттерін тіркейтін 130 бейнекамера бар. Биыл осы техникалық құралдардың көмегімен 240 мың тәртіп бұзу әрекеттері тіркелді. Олар бойынша 852 миллион теңге айыппұл салынып, 306 миллион теңге төленді», - деді Қ.Тыныбеков.