Жол апаттарының 94,4 пайызын жүргізушілер жасайды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 337 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 74 адам қаза тапты, тағы 385-і түрлі жарақаттар алды.

БҚО ішкі істер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, соның 318-і немесе 94,4 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Мұндағы басты себептер жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кету (11,3 пайыз), жылдамдықты шектен тыс арттыру (34,7 пайыз) және қозғалыс кезінде арақашықтықты сақтамау (5,6 пайыз) болып отыр. Жыл басынан бері 67525 жол ережесін бұзушылық анықталса, соның 1440-ы - көлікті мас күйінде айдау, 7603-і - жылдамдықты шектен тыс арттыру, 518-і - қарсы бетке шығып кету.

Өңірде жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аумақтың бірі - Орал-Атырау тас жолы. Мұнда тоғыз айда 27 жол апаты тіркелген.

Жалпы, 2012 жылы 499 жол-көлік оқиғасы болып, одан 95 адам көз жұмып, 612-сі жарақат алса, бұл көрсеткіштер 2013 жылы - сәйкесінше 547, 100 және 689, 2014 жылы - 404, 84, 573, 2015 жылы 503, 99 және 642 болған. Яғни төрт жыл мен биылғы тоғыз айды қосқанда, жол апатынан қайтқандар саны 452-ге жетіп отыр.

Еске сала кетейік, облыста 7 және 8 қазан күндері қос бірдей жол апаты болып, соның салдарынан екі адам қаза тапты. Мұның екеуінде де жүргізушілер көлікке ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, басқа автокөліктермен соқтығысқан.