Жол апатын жиі жасайды: Алматыда курьерлердің жәшіктері нөмірленетін болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда курьерлік жеткізу жәшіктері нөмірленетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеткізу қызметін көрсететін компаниялардың басшылары мұндай шешімге Алматы қалалық Полиция департаментінде өткен жұмыс кездесуінде келді.

«Өкінішке орай, біздің тәжірибемізде курьерлердің оқиға орнынан қашып кетуіне қатысты оқиғалар көп. Енді куәгерлер жәшікте көрсетілген нөмірді айта алады – бұл маңызды бастапқы деректер», – дейді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Полицейлер қазірдің өзінде кейбір курьерлік компаниялармен меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары қаламыздың жолдарында мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер көптеп пайда болды, сондықтан олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі байқалады. Жол-көлік апатының негізгі себептерінің бірі – көлікті дұрыс жүргізбеу, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, көлік жүргізу қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Көліктің бұл түрін пайдаланатын курьерлер көбейіп кетті. Олар табыстарын арттыру мақсатында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға жиі жол беріп, күндіз-түні қала жолдарымен жүреді», – деді полиция өкілі.