***
Қандай да бір ірі жарыс басталар қарсаңда тәртіпсіздігімен көзге түскен жанкүйерлердің төлқұжаттарын жинап алуға Ұлыбритания құқыққорғау орындарында заңға негізделген мүмкіндік бар. Яғни, футбол ойындары кезінде бұзақылық әрекеттер жасап, соның салдарынан істі болғандар өз еріктерімен полицияға төлқұжаттарын тапсыруы тиіс. Заң талабы солай. Олар бұл шешімді 2000 жылы қабылдаған. Енді осы заң бойынша арнайы есепте тұрған 1452 «бұзық» Бразилияға бара алмайды, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Жүгенсіз жанкүйерлерге жол жоқ" деген мақаласында.
Басылымның жазуынша, бұл шара әлем чемпионатын көруге баратын британиялықтардың шырқын бұзбау үшін қажет.
Футболдан Бразилияда өтетін әлем чемпионатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1,9 млрд. реал (857,5 млн. АҚШ доллары) бөлініп отыр. Сондай-ақ, күштік құрылымдардың 157 мың сарбазы доп додасының тыныштығын күзетеді.
Бразилия президенті Дилма Руссефф әлем чемпионаты кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынына кепілдік беріп отыр. Күштік құрылымдардың сарбаздары чемпионат толық аяқталғанша ешқайда кетпейді.
Жолда жүру қауіпсіздігі тек жүргізушілерді ғана емес, қалың жұртты ерекше алаңдатып отыр. Бұған Мемлекет басшысы да айрықша мән бергені белгілі. Былтырғы жылы Елбасы жол құрылысының сапасы мен жолда жүру қауіпсіздігіне байланысты қатал сын айтқан болатын. Алайда, одан әлі күнге ешқандай қорытынды шықпаған секілді. Бұлай деп айтуымызға көптеген дәлелдер бар. Соның бірі - адам өліміне әкеліп соқтыратын жол-көлік апаттарының жиілеп кетуі дер едік. Оның себебі неде? "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Жол апатына айыптылар анықталмай, ажалды ауыздықтау мүмкін бе?" атты мақаласында осы сұрақтарға жауап іздейді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы жол-көлік оқиғасы күрт өсіп, 65 пайызды құраған. Жол апатына ұшырағандар саны 60 пайызға артып, жараланғандар саны 70 пайызға жеткен. Өткен жылы жол апатынан зардап шеккендердің 5 мыңы балалар, 13 мыңы әйелдер десек те, шенеуніктердің мұрты бүлк етпейді. Олар өздерін кінәлі еместей сезінеді. Сонда бұл бейбіт күнде қолдан жасалып жатқан апатқа кім жауап береді?, дейді басылым.
Барлық мәселе Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында баса айтылды. Онда мемлекеттік органдардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдап отырған шараларының тиімділігі талқыланғандығымен, ең бастысы, жолдардағы апатты жағдайдың жақсармағандығы, адам шығыны санының азаймағандығы ашық сөз болды.
Неғұрлым көп жол-көлік оқиғалары тіркелген Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан, Бас прокурор атап өткендей, профилактикалық жұмыстың тиісінше қолға алынбауы, жолдардың нашарлығы, жүргізушілердің бекітілген жылдамдықты арттыруы, техникалық қауіпсіздіктің талаптарын бұзу - жол апатының басты негізі екенін енді ешкім де жасыра алмайды. Сондықтан, бүгінде жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі, стихиялық автотасымалдаушыларды жою, жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, әкімшілік айыппұлдардың талапқа сай өндірілуі, ЖКО туралы істерді тергеу сапасын арттыру мәселелері кезек күттірмес шаралар қатарына енді.
***
Қазақстанда биылғы жылдың басында ішкі жанар-жағар май нарығы үлкен дағдарысқа ұшырай жаздапты. Бұл ретте бензин мен дизель бағасының еселеп қымбаттап кету қаупі туындаған екен. Ел Үкіметі төніп келген бұл күйзелістен қалай құтылып кетті? Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қалаулыларға осы сырдың шетін шығарып, айтып берді, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Қазақ нарығына пайдалы келісім" атты мақаласында.
Бүгінде Батыстан қысастық көре бастаған солтүстік көршіміз алпауыт «аспанасты елінен» сауға іздеп, өзінің мол мұнайын соған көптеп сатуға құштарланып отыр. Алайда бұған оның өз құбырларының қуат-әлеуеті жетпейді. Сондықтан көмек сұрап, Қазақстанға жүгінуге мәжбүр.
Мұнай және газ министрінің айтуынша, бұл Келісім арқасында Ресей жылына 7 миллион тонна мұнайын Омбы (Ресей) - Ертіс (ҚР) - Атасу (ҚР) - Алашанькоу (Қытай) тасымалдау бағыты бойындағы магистральдік құбырлар жүйесі арқылы ҚХР-ге тасымалдау мүмкіндігіне қол жеткізеді. Құжат мұнай көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыруға да ұлықсат етеді.
Дегенмен бұл құжаттың бір пайдасы бар көрінеді. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жанар-жағар май жасауға қажетті шикі мұнайдың бір бөлігін Ресейден алатыны мәлім. Бұл ретте ол мұнайдан Ресей «экспорттық төлем» жинамайды, тиісінше, біздің зауыттар үшін шикізат арзанға түседі.
"Айқынның" жазуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегацияға Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155-сессиясында бюроның туы ресми түрде табыс етілді.
Делегация құрамында «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің жоғарғы комиссары Рәпіл Жошыбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев, осы маңызды шараны ұйымдастыруға жауапты лауазымды тұлғалар бар. Сессия барысында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі бюроның толыққанды мүшесі ретінде танылып, ұйым Президенті Фердинанд Наги мен бас хатшы Висенте Лоссерталес ведомство басшылығына байрақты табыстады.
Айта кету керек, бұл ту алғаш рет Орта Азиялық мемлекетке табысталып отыр. Сондай-ақ Ерлан Ыдырысов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Халықаралық көрмелер бюросының 155-сессиясына қатысушыларға жолдаған үндеуін жеткізді. Қазақстан Көшбасшысы өз үндеуінде көрменің ТМД кеңістігінде бірінші рет өкізілетінін айта келе: «Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 балама энергия көздерін әзірлеуге және пайдалануға айтарлықтай үлес қосуға шақыратыны, үздік әлемдік технологияларды таныстыруға мүмкіндік беретіні және энергетикалық тиімді бағдарламаларды дамытуға жәрдем ететіні сөзсіз... Біз таңдаған - «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзат үшін аса өзекті болып табылады. Қазақстан «Жасыл экономиканы» енгізуді жақтайды. Осыған орай, біз 2012 жылы БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі конференциясымен мақұлданған, ХХІ ғасырдағы Ғаламдық энерго-экологиялық тұрақты дамудың стратегиясын ұсындық. Астанадағы Көрме ең жарқын халықаралық оқиғалардың бірі болып, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және пайдалануға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Біз «ЭКСПО-2017-нi» ең жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігерімізді саламыз», - делінген Үндеуде.
***
"Время" газетінің бүгінгі санындағы « Есть такой футболист - и ты им сыграешь» атты мақалада бүкіл әлемге белгілі FIFA компьютерлік ойынын жасаушылар сол ойынға қазақстандық футболшыларды енгізуге рұқсат алғаны туралы жазылған.
«Бұл ФИФА-ның ресми ойыны. Негізі оған ақша төлегендер ғана енгізілетін, алайда ойынды жасаушылар еліміздегі футболдың дамуына үлес қосу үшін бізге жеңілдік жасады. Бұл олардан көрі бізге қажеттірек. Дегенмен біздің спортшылар бұл ойында Еуропа чемпионаты қарсаңында, яғни 2016 жылға қарай пайда болады», - деп атап өтті ұлттық команда мүшесі Андрей Карпович.