Жол апатына себепкер болған қостанайлық полицей жұмысынан шығарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Жол-көлік оқиғасына ұшыраған қостанайлық полицей жұмыстан шығарылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығы Бекет Аймағамбетов Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ірі жол-көлік оқиғасына себепші полицейдің мас күйде болғаны анықталды.

«Бүгін менің үкіміммен, тәртіптік комиссияның шешімімен 22 қыркүйек күні мас күйінде жол-көлік оқиғасына себепкер болған қызметкер ішкі істер органдары қызметінен шығарылды. Ол әскери-қызметтік тәртіпті және полиция дискредитациясын сақтамаған», - деп жазды Б.Аймағамбетов.

Сонымен қатар, департамент басшысы тәртіп сақшыларының алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, полицейлер заңды сақтап, қызметіне адалдық таныту арқылы қоғамның талабын орындайды. Ол, сондай-ақ, аталмыш оқиға бойынша тергеу шаралары жалғасып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, кеше Қостанайда тәртіп сақшысының қатысуымен болған жол-көлік апатына қатысты қызметтік тексеріс басталды.